Жамбыл облысы Байзақ ауданы Бурыл ауылы «Шолпан Дәуіт» мешітінің имамы Қанат Тұмарбекұлы ізгілікті насихаттау және қазақтың ұмыт болған дәстүрін жанғырту мақсатында, Құмжота ауылында үйі өртенген бір отбасыға мешіт жамағатымен бірлесе 165 000 теңге көлемінде жылу жинап берді.
Қазақ халқының ұлт болып ұйысуына, еңсесі биік ел болуына мол септігі тиген қайырлы һәм сауапты салттардың бірі – жылу жинау. Бұл жораның бір қыры әлеуметтік өмірге қарасты болса, екінші шеті мейірімділік, жомарттық, қайырымдылық секілді жүрек дархандығымен астасып жатыр. Мысалы, ауылдағы бір үй қайғыға ұшыраса, әр алуан тілсіз жаулардың біріне душар болса, үйі өртеніп, селге ұрынып немесе мал жұтап жатса, оған бәрінен бұрын сөз жомарттығы, одан кейін қол жомарттығы ауадай қажет болады. Екеуі де барынан айырылып, пұшайман болып отырған қайғылы отбасыға жылылық сыйлайды. Жүрегін жібітіп, көңілін сергітеді. Сондықтан болса керек, бұл дәстүр «жылу жинау» деп аталған. Әрине, жылуды мұңға батып отырған үйдің иесі өзі сұрамайды. Мұндай кезде ауылдың абыз ақсақалдары, билері, абыройлы үлкендері көпшілікті жинап, бәле айтып келмейтінін, бұл қасірет әркімнің басына түсуі мүмкін екенін ескертіп, осынау игі шараға жаппай ат салысуға үндейді. Қазақ халқында еш уақытта жылу жинауға сараңдық қылмайды. Бірлі-жарым қашқақтаған жандарды көпшілік «қайырымсыз», «сараң» деп қатты сынға алады. Мұхаммед Пайғамбардың «Мейірімді болыңыз, сонда мейірімге бөленесіз» деген ұлы қағидаты еске алынады.