Жамбыл облысы Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінің наиб имамы Бақытбек Бауыржанұлы Аймантөбе ауылдық «Аймантөбе» мешітінің асханасында ауыл жастарына «Жат ағымның кесапаты» тақырыбында насихат айтты.
Бақытбек Бауыржанұлы өз насихатында: «Қазіргі кезде әлемдегі сүннит мұсылмандардың жартысынан көбі Ханафи мазһабын ұстанады. Ал ханафилердің басым көпшілігі имам Матуридидің бір жүйеге келтірген сенім негіздерін басшылыққа алады. Біздің ата-бабаларымыз да Матуриди ақидасын, Ханафи мәзһабын ұстанды. Бір сенім, бір мәзһабта болғаннан кейін дін мәселесінде қазақ даласында талас-тартыстар болған емес. Қазіргі таңда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты барлық мешіттерде имамдарымыз уағыз-насихаттарын, діни рәсімдерді имам Матуриди ақидасына, Ханафи мәзһабына сай жүргізеді. Біз де дініміздің өркендеуін, қоғамымыздың тыныштығын шынайы қаласақ, бір мәзһабтың аясына жұмыла білуіміз қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінің 103-аятында: «Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер», – деп, мүминдерге бірлікте болуды бұйырған.
Денені құрайтын ағзалар бірігіп дұрыс жұмыс жасағанда ғана дене сау болатыны сияқты, қоғамның мүшесі саналатын адамдар өзара бауырмалдық пен бірлікте болса, қоғам өркендеп, гүлденеді.
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Аққу, шортан һәм шаян» мысал өлеңінің соңын:
Жігіттер, мұнан ғибрат алмай болмас,
Әуелі бірлік керек, болсаң жолдас.
Біріңнің айтқаныңа бірің көнбей,
Істеген ынтымақсыз ісің оңбас, – деп түйіндеген», - деді.