Ұлы жүздің Дулат тайпасы, Шымыр руынан, Бестерек ұрпағы-Райымбекұлы Мәдімар бабамыз осынау ұлылар мекені болған киелі топырақта Оқын, Қортыс, Аханай, Байгелді, Сойылхас, Шәлке, Көшеней сында батырлар жанұшыра жаудан қорғаған көгілдір айдынды, көк майсалы мамыражай өлкеде дүниеге келген.
Әкесі Райымбек ақындығы, сал-серілігімен қатар атбегілігі және сайысқұмар палуандығымен аты шыққан, жан-жақты өнер иесі, еліне сыйлы адам болған. Шежіре тармағына сүйенсек – Бестерек Баймолдадан – Бақтыбай – Наурыз – Бағұл – Өтеулі – Жаназар – Белқожадан туады. Бағұл бабасы Қазақ – Қалмақ соғысында айбынды қолбасшы ретінде тарихта аты қалған адам. Белқожаның кіндігінен Райымбектен басқа Пәрімбек, Шыңғыс, Уәлі, Тәуке, Иманбек, Балқыбек, Байсеңгір атты балалары болған.
Солардың ішінде Шыңғыс, Уәлі, Пәрімбек ұрпақтары осы Мәдімар ауылында тұрып жатыр.
Райымбек бабамыз өз басынан гөрі халық қамын көбірек ойлаған, артық мал жинап баюды мақсат етпеген адам деседі. Осыған орай қоғам жұмысына, ел билігіне көбірек араласқан адам болыпты.
Сондықтан болар, ұлы Мәдімарды балғын бала кезінен қасына ертіп жүріп ел аралатып, қазақтың дала перзенттеріне тән алғырлық қасиеттеріне баулып өсірген.
Мәдімарды 6-7 жасынан бастап Әулиеата шахарында тұратын ғұлама татар молдасына беріп, ескіше оқытқан, кейінірек Ташкент шахарындағы медресеге оқуға жібереді. Өнер білімге құштар, алғыр жігіт онда шығыс ғұламаларының еңбектерімен танысады, сол кездегі саяси ахуал ықпалынан сақтана жүріп, бірсыпыра шығыс ғұламаларының, Махмуд Қашқаридың, Кете Жүсіп Ешниязұлы, Низами, Абай мен Шәкәрімнің бірсыпыра еңбектерімен таныс болады. Алдыңғы қатарлы орыс жұмысшыларымен, көзі ашық қарапайым қауыммен достық қарым-қатынас жасай жүріп, орыс тілін өз бетінше үйреніп , орыс мәдениетінен біршама хабардар болады. Сол кездегі Ресей билігінің ішкі және сыртқы саясатынан едәуір мағлұмат алады. Көзі ашық сауатты жолдастарының ықпалымен сол кездегі Ресей билігінде тиым салынған әдебиеттерді де оқып, өзінің өмірге деген саяси көзқарасын қалыптастыра түседі.