Қазақ елі егеменділік алып, тәу етер тәуелсіздікке қол жеткізіп, ата-бабамыз армандаған қазағымның өз салт-дәстүрі бен діні қанат жайып, белең ала бастады.
Еліміздің ұлт жанашыры – белсенді азаматтар осы қазақ құндылығы үшін атсалысқан. Солардың ішінде дін Исламның өркендеуіне мешіт салып үлесін қосқан Байзақ ауданы Жетібай ауылының тұрғыны Жарасбаев Аманжол Ақылұлы ағамызды атап өтпесек, ауылымызға сын болар.
Жарасбаев Аманжол Ақылұлы 1944 жыл дүниеге келген. 1961 жылы орта мектепті бітіріп, «Жамбыл статтехникумды» 1964 жылы аяқтап, «Жамбыл технологиялық институтын» бухгалтер-экономист мамандығы бойынша оқып тәмамдады.
1965-1968 жылдары Отан алдында әскерлік борышын өтеген Жарасбаев Аманжол 1968-2008 жылдары Ауыл шаруа қожалығында есепшіден бастап, басшы қызметіне дейін атқарған. Аманжол Ақылұлына ерен еңбегінің арқасында мемлекеттік көптеген марапаттар – орден мен медаль табысталған.
Аманжол ағамыздың әкесі Ақыл атамыз малшы болған. Әкесі Ақыл атаның имандылығын, қайырымдылығын көріп өскіп, оның тәрбиесін алған. Әке жолын жалғастырып, ауыл-аймақтағы мұқтаж жандарға жәрдем беріп тұрған.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Кім жер бетінде Алланың үйін салуға атсалысса, Алла Тағала ол кісіге жұмақтан орын дайындайды», деген. Жалпы, мешіт салудың сауабы қаншалықты үлкен екені жайында Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алла Тағаланың мешіттерін тек Аллаға және ақырет күніне иман келтірген, намаз оқыған, зекетін берген және Алладан басқа ешкімнен қорықпайтындар ғана салады», – дейді (Тәубә сүресі, 18-аят). Ең бастысы сауапты іс жасаймын деген азамат қайырлы істі атақ пен абырой алу үшін емес, Жаратушының разылығын алуды көзеуі тиіс. Тап осы мақсатта Аманжол Ақылұлы ағамыз Жетібай ауылына 2001-2005 аралығында мешіт салады. Мешітке әкесі Ақыл атаның есімі берілді. Сол кезден бастап бұл мешіт жамағат жұма, айт, бес уақыт намаз оқитын, діни рәсімдер орындалатын рухани ордаға айналады. Жаздық демалыста балаларымызға Ислам және дәстүр құндылықтарынан тәрбие сағаттары өтіп, сауат ашу курстары ұйымдастырылып келеді.
Аманжол Ақылұлы ағамыз Жетібай ауылына басшы болған кезінде халыққа жағдай жасау мақсатында ауылдың көшелеріне тас жол, инфрақұрылым жүргізіп, ауылды көркейтуге еңбек еткен.
Аманжол Ақылұлы ағамыз 2008 жылы дүниеден өтті. Алла Тағала Аманжол ағамыздың Алла разылығы үшін жасаған амалдарына сауап жазып, қабірі жәннәт бақшасы болғай!
Турабаев Қадірбек Абенұлы
Жамбыл облысы, Байзақ ауданы,
"Жетібай" ауылы, "Ақыл ата" мешітінің имамы