Беглеров Жұмаділ – 1909 жылы Жамбыл облысы, бұрынғы Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданында, көп балалы отбасында дүниеге келген. Ерте жасынан ауыл молдаларынан дәріс алып, өз заманының көзі ашық, арабша жазу (төте жазу) сауаты бар жастарының бірі болған.
1943 жылдың қаңтарында Совет үкіметі армиясы қатарына қабылданып фашистік Германия басқыншыларына қарсы Ұлы Отан соғысына қатысады. Әскер қатарында 01.1943-01.1944 жылдары аралығында 18-ші атқыштар дивизиясының, 424-ші атқыштар полкінде жауынгерлік борышын өтесе, 01.1944-04.1945 жылдары 368-ші атқыштар полкі қатарында неміс басқыншыларына қарсы соғысады. Әскер қатарында Ұлы Отан соғысы аяқталғанға дейін болып, өз полкінің қатарында Германия шекарасына дейін барған. Соғыс барысында 1945 жылдың 18 сәуірінде кеудесінен ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт әскери госпитальда емделіп, соғыс аяқталысымен туған жеріне оралған.
Беглеров Жұмаділ Ұлы Отан соғысы кезінде келесі үкіметтік наградаларға ие болған:
- III дәрежелі Даңқ ордены;
- «Германияны жеңу үшін» медалі;
- КСРО Жоғарғы президиумы шешімімен «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалі;
- КСРО Жоғарғы президиумы шешімімен «Ұлы Отан соғысы» II дәрежелі ордені;
- «Кеңес Одағының Маршалы Жуков Г.К.» медалі;
- КСРО Жоғарғы президиумы шешімімен «1941-1945 ж. Ұлы Отан соғысында жеңістің 40 жылдығы» медалі;
- КСРО Жоғарғы президиумы шешімімен «КСРО қарулы күштерінің 70 жылдығы» медалі;
- КСРО Жоғарғы президиумы шешімімен «1941-1945 ж. Ұлы Отан соғысында жеңістің 50 жылдығы» медалі.
Беглеров Жұмаділ сұрапыл соғыстан туған жеріне аман-есен оралғаннан кейін, ұзақ жылдық соғыстан әлсіреген Кеңес Үкіметінің экономикасын котеруге аянбай еңбек еткен. Өзінің Жамбыл облысы, Свердлов ауданының колхозында ұзақ жылдар бойы ауыл шаруашылығы саласында қарапайым жұмысшыдан бастап, партия ұйымдастырушысы (парторг), шопан болып жұмыс істеген. Бейбіт кезеңде де атқарған еңбегі елеусіз қалмады, ұзақ жылдар бойы ерен еңбегін ескеріп КСРО Жоғарғы президиумы атқарушы комитеті шешімімен «Еңбек ардагері» медалімен марапатталған.
Беглеров Жұмаділ өз заманының елеулі тұлғасы, бес қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген әке. Басқыншылар келгенде Отанын қорғай білген ер, соғыс ардагері. Соғыстан кейінгі қиын-қыстау заманда елінің әл-ауқатын көтеру жолында тынбай еңбек еткен еңбек арадагері.
Казір ешкімге жасырын емес, алайда Кеңес Үкіметі заманында ислам дінін ұстануға, оны насихаттауға тыйым салынған болатын. Осыған қарамастан Жұмаділ Беглерұлы Алла Тағалаға деген құлшылығына берік болып, бес ауқыт намазын қаза қылмайтын, Құран оқитын, жалпы Байзақ ауданы танитын молда болған.
Беглеров Жұмаділ 90 жыл Алла Тағала өлшеп берген жасын мәнді де мағыналы өмір сүріп, 1999 жылдың 7 сәуірінде дүниеден озды.
2000 жылдары өзі тұрған Байзақ ауданының бұрынғы Еңбек, қазіргі Сеңкібай ауылының тұрғындары, ауылда мешіт тұрғызып оның атын бір ауыздан, ауылдың біртуар ардақты азаматы болған, ауыл молдасы болған, Беглеров Жұмаділ атаның атын беруге шешім қабылдаған.
Ахметов Қобыланды Маханұлы,
Байзақ ауданы, Сеңкібай ауылдық
«Жұмаділ ата» мешітінің имамы