Күллі әлемді күркірете күңірентіп өткен, дүниежүзілік соғыстан кейін ел тұрмысының еңсе түзеуіне есті, парасатты ерлердің еңбегі мейлінше молынан сіңді. Сол ауыртпалықты кезеңде қайраткерлік сапада байқалып бар күш-жігерімен жұртқа ортақ жұмыстың жандануына өз ықтиярымен үлес қосқан, Байзақ ауданының Құрметті азаматы Дидарбеков Жапар 1925 жылы Байзақ ауданы, қазіргі Аймантөбе ауылында дүниеге келген. 1942 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысып, 1948 жылы елге аман есен оралған.
Еңбек жолын колхозда қарапайым жұмысшы болып бастап, 1948-1954 жылдары Свердлов (Байзақ) аудандық «Колхоз жолы» газетінің жауапты хатшысы, кейін редакторы болып жұмыс атқарған. 1954-1958 жылдары Алматы жоғары партия мектебін оқып бітірген.
Жапар Дидарбеков партия мектебін бітіріп келгеннен кейін аупартком нұсқаушысы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, ауыл шарушылық өнімдерін сатып алу жөніндегі мемлекеттік инспекциясының аудан бойынша бас инспекторы болып қызмет істеді. Өзі туып өскен Ленин атындағы ұжымшарға төраға болып сайланып, 15 жыл жемісті қызмет атқарды. 1976 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін ауыл шаруашылық өнімдерінің сапасы және оны дайындау жөніндегі аудандық мемлекеттік инспекциясын басқарды.
Зейнетке шыққаннан кейін 1989 жылдан 2004 жылға дейін аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы болды.
Білікті басшы, қаламы қарымды журналист, ауданның қадірменді қариясы болған Жапар Дидарбеков І-ші дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл жұлдыз» ордендері және медальдарымен марапатталған.
Байзақ ауданының тарихына арналған тұңғыш энциклопедиясы аталған «Өрені өскелең Байзақ өңірі» Кітабының авторы.
Байзақ ауданының Құрметті азаматы Жапар аға өз ұрпағына әкелік тәрбиесін молынан бере алған тұлғалардың бірі. Себебі оның ұлы Керімжан атақонысы Аймантөбе ауылына имандылық ұясы – мешіт салып беруі әке тәрбиесінің жемісі екендігіне бір дәлел.
“Жақсының аты өшпейді”, демекші Қазақстан Қарулы Күштерінің майоры Жапар Дидарбеков есімі ел аузында жылы лебізбен атала береді деп сенеміз. Жапар Дидарбеков қайтыс болғаннан кейін, Сарыкемер ауылындағы орталық көшелерінің біріне есімі берілген.
Рахманов Кенжехан Оксикбайевич
Жамбыл облысы, Байзақ ауданы,
Аймантөбе ауылдық «Аймантөбе» мешітінің имамы