Байзақ ауданында қолға алынған мәдени-көпшілік шара «Байзақ Мәмбетұлы» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсіміне ұласты. Осы аталған шараға Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы қатысты.
Байзақ батыр ескерткіші – Байзақ ауданының орталығы Сарыкемер ауылына кіре берісте кең, ашық алаңқайда Байзақ Мәмбетұлының құрметіне 1998 жылы орнатылған болатын. Мүсінші Ж.Молдабаев, архитектор Ә.Момынжанов жасаған еңселі ескерткіш граниттен жасалған тұғырдың үстінде тұр. Бойының биіктігі 4,2 метр, тұғыры 2 метр. Жылтыр қызыл граниттің бетіне «Байзақ Мәмбетұлы» деп жазылған. Ескерткіш орнатылған төбе көгалдандырылып, абаттандырылған, төбенің етегінен ескерткішке дейін ені 1,5 метр баспалдақтар бастап апарады.
Байзақ Мәмбетұлының артында өшпес аты, көзі тірісінде жасаған ізгі істері әлі сайрап жатыр. Ол жасатқан Байзақ тоған, Базарбай тоған, Төрегелді тоған су қоймалары әлі күнге халық игілігіне жұмыс істеуде. Батыр есімі ұмыт қалмауы үшін, ауданға аты беріліп, аудан орталығында ескерткіш орнатылып, Сарыкемер мен Тараз қаласындағы көшелердің біріне батыр есімі берілген.