Спорт – денсаулық кепілі, денсаулық – адам өмірінің негізі. Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Жастайынан жанына спортты серік еткен, Кеңес ауылының аптал азаматы Нұржан Әлімбетов ауылына зәулім спорт кешенін салып берді.
Жаңа нысанның ашылуына Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ернар Ибраимов, аудан әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков, Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы қатысып, жомарт жанға алғыстарын жеткізді.
- Бұл игі іс ауыл жастарын дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуға тарту мақсатында жасалынып отырғаны белгілі. Сондықтан, Нұржан Орынбасарұлына ауыл тұрғындарына ел игілігі жолындағы сауапты істі спорт арқылы атап өтіп, халықты спортқа тартып жатқандығына зор алғысымды білдіремін – деді Ернар Ибраимов.
Ауыл қариялары да азаматқа батасын беріп, ризашылығын жеткізді.
Бүгін осы ауылдың азаматы Нұржан Орынбасарұлының меншікті қаражаты есебінен жалпы құны 60 миллион теңгеге барлық жағдайы жасалынған, заманауи үлгідегі «Орынбасар – Тәти» спорт кешенін ауыл тұрғындарының игілігіне ұсынды. Жалпы аумағы 648 шаршы метрді құрайтын кешенде күрес залы, бокс залы, баскетбол, волейбол, шахмат пен құмалақ үйірмелері жұмыс істеп, бес адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ, - деді Болат Мырзаханұлы.
Аудан бас имамы Қанат Әділханұлы мен Кеңес ауылының имамы Әли Олжабайұлы Құран аяттарын оқып, марқұм Орынбасар Тәтиге бағыштады.
Өз кезегінде қонақтар, ел ағалары, ауыл азаматтары мен бауырлары ыстық лебіздерін білдіріп жатты. Нұржан Орынбасарұлына "Жаныс баба" қоғамдық қорының төсбелгісі табысталып, ауыл тұрғындары тұлпар мінгізді.