Жамбыл облысының жастар ісі секторының өкілі Есет Тұрдыбайұлы мен “Айсұлу ана” мешітінің имамы Сейдикаримов Сакен “Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі” КММ оқушыларымен маңызды кездесу өткізді. Бұл шара жастардың діни сауаттылығын арттыру, жат діни ағымдардан сақтандыру және қоғамдағы діни экстремизмнің алдын алу мақсатында ұйымдастырылды.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастарға діннің негіздерін түсіндіру, дәстүрлі исламның құндылықтарын насихаттау, сондай-ақ жат ағымдардың зиянды әсерлерін ашып көрсету. Есет Тұрдыбайұлы өз сөзінде: “Жастар – қоғамның болашағы. Сондықтан, оларды дұрыс бағытта тәрбиелеу, олардың ой-өрісін кеңейту өте маңызды. Біз, жастарға діннің шынайы мәнін түсіндіріп, оларды жат ағымдардың ықпалынан қорғауымыз керек”, – деді.
Сейдикаримов Сакен имам да өз пікірін білдіріп, дәстүрлі исламның жастарға беретін рухани күшін атап өтті. Ол: “Ислам – бейбітшілік діні. Біз жастарымызды жат ағымдардың жалған уәдесінен қорғап, оларға шынайы діннің негіздерін үйретуіміз қажет”, – деді.
Кездесу барысында оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарды қойып, пікір алмасуға мүмкіндік алды. Олар жат діни ағымдармен байланысты мәселелер, дәстүрлі ислам мен жат ағымдардың айырмашылықтары туралы белсенді түрде сөйлесіп, пікірлерін білдірді.