«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демекші дана халқымыздың өзіне тән тұрмыс-тіршілігі, күнделікті күйбең тіршілігі, салт-санасы, әдет-ғұрпы, бар. Біз айтып отырған салт-дәстүр сол халықпен бірге жасасып, тарих тағылымында өзіндік із қалдырып жатады. Бірақ ұмыт болып бара жатқан ұлттық салт-дәстүрлеріміз де жоқ емес.
Ұл баланы сүндетке отырғызу дін, дәстүрімізде орны қандай? Бүгінгі қазақ қоғамында сүндетке отырғызу қалай өтіп жатыр? Сүндетке отырғызған балаға қандай жөн-жоралғылар жасалып жатыр? Ол дәстүрге сай келе ме? Осы сауалдарымызды тарқатып көруді жөн көрдік.
Ұл баланы сүндетке отырғызу - Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті. Ұл баланы сүндетке отырғызу - әр ата-ананың жалпы мұсылман қауымының үлкен парызы дейміз. Үлкендердің мойынындағы үлкен жүгі һәм міндеті. Қазіргі күні ұл баланы сүндетке отырғызу рәсімін көбінесе хирург- дәрігерлер өткізеді. Сүндеттеу – көп аурулардың алдын алады. «Көзі ашық, көкірегі ояу» дегендердің дені медицинаға жүгінеді. Баланы ойнатып барып-ақ, ауыртпайтын екпені салып, лезде сүндеттеп береді. Ұзаққа созылмайды. Медицина саласының дамығандығының дәлелі сүндетке отырғызу процесі қауіпсіз әрі қиындықсыз өтіп жатады. Сүндеттелмеген баланың жыныс мүшесінің ұшында инфекцияның пайда болуы ғылыми тұрғыда дәлелденгенін естен шығармаған жөн. Бұл ретте кейбір жандар «Мұсылман болған құтты болсын!», «Ендігі жерде сен мұсылмансың» немесе «Жігіт болды!» деп құттықтап жатады. Әрине баланың өміріндегі маңызды шағында бұл құттықтауларға көбісі мән бере бермейді. Бұл жерде әрбір жанның білгені абзал болар, адам дүниеге мұсылман болып келеді емес пе!? Сүндетке отырғанда ғана мұсылман болады деген түсінік не қағида болмауы тиіс.
Игі дәстүрді айта келе қаза халқы Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне амал етті деп айтуға толық негіз бар. Асыл дініміздің: Алла Елшісі Хасан мен Хусейн туылғаннан кейін жетінші күні оларды сүндетке отырғызды», - деген хадистерде кездеседі. Оның ішінде (Әл-Муджам ас Сағир ат-Табарони). Әбу Һұрайра (оған Алла разы болсын) жеткізген хадисте адам жаратылысының табиғи қажеттілігі ретінде мына бес нәрсе: сүндетке отыру, мұртты басу, қолтық пен ұятты жерді түктен таза ұстау, тырнақ алуды атаған.
Жамбыл облысы Байзақ ауданы Ақжар ауылы
«Әбдікерімұлы Айдар» мешітінің имамы
Туганасов Бауыржан Жұмабайұлы