АЛЛАДАН КЕШІРІМ ТІЛЕУДІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

АЛЛАДАН КЕШІРІМ ТІЛЕУДІҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Асыл дінімізде истиғфар дегеніміз - дұға ету, тәубе ету, күнәларға кешірім сұрау дегенді білдіреді. Іс жүзінде "астағфируллаһ" деп тілмен айтып, әрі жүрекпен растау арқылы жүзеге асады. Жалпы бәрін бір сөзбен айтқанда "Тәубе ету" деп атасақ та болады. Тәубе дегеніміз - күнә істерден тыйылып, кешірім сұрап жасағанына іштей өкіну және жасаған күнәсін екінші рет қайталамауға бел бууды айтады.

Истиғфар барлық жақсылықтың кілті. Өйткені барлық дерттерге шипа. Қиындықтардың жеңілдеуіне және қажеттіліктердің орындалуына өз септігін тигізері сөзсіз. Истиғфар пендені Жаратушысына жақындатады. Пенденің әлсіз екендігін, Раббысының құдыретті екендігін көрсетеді. Истиғфар айтушы адамға да ғибадат қылушы мүмінге берілгендей сауаптар жазылады.

Истиғфардың қасиеттері өте көп. Бұл жайында Құранның көптеген жерлерінде баяндалады: "Алла Тағалаға истиғфар айт! Расында Алла кешірімді және рақымды". (Ниса сүресі, 106 аят).

"Истиғфар айтыңдар.." (Һуд сүресі, 52 аят).

“Алла Тағалаға тәубе етіңіз!" (Нұр сүресі, 31)

Алла Тағала Құран Кәрімнің Нұх сүресінде былай деп баяндайды:

(Сондай-ақ оларға): "Раббыларыңнан жарылқау тілеңдер. Өйткені Ол, өте жарылқаушы."

"Ол, сендерге аспаннан мол-мол жаңбыр жібереді."

"Әрі өздеріңді малдар, балалармен қамдайды. Және сендер үшін бақшалар жасап, өзендер ағызады." (Нұх сүресі 10-12 аят).

Имам Нәсәфи өзінің "Мәдәрик" атты тәпсірінде жоғарыдағы айтылған аяттың тәпсіріне байланысты төмендегі мына бір қиссаны риуаят етеді:

"Бірде Хазреті Хасан Басри бір топ адамдармен сұхбаттасып отырған отырған кезде, араларына бір адам келіп құрғақшылық жайлы шағым айтады. Сол кезде Хасан Басри "Истиғфар айтыңдар" деп кеңес беріпті. Екінші бір адам келіп, кедейліктен, үшіншісі келіп, перзенсіздіктен шағым айтыпты. Олардың барлығына да истиғфар айтыңдар деп кеңес беріпті. Сол кезде жиында отырған Рабиғ ибн Субәйх Хасан Басриге шағым айтқандардың барлығына да бір жауап беруіңізді себебі неде? деп сұрайды. Сол кезде Хасан Басри жоғарыдағы аятты оқып берген екен. Аталмыш аятта истиғфар айтудың қандай да болса да қажеттіліктеріміз үшін айтуымызға болатындығы айтылған.

Ибн Аббас р.ғ. риуаят етеді, Пайғамбарымыз с.ғ.с. айтады: "Кімде-кім  истиғфар айтып жүруді әдетке айналдыратын болса, түрлі қиыншылық пен таршылықтан аулақ болады, ойламаған жерден ризықтандырылады",- деген екен. (Әбу Дәуд келтірген)

1.Истиғфар айтқан адам Алла Тағаланың алдында бой ұсынушы пенде болып саналады.

2.Истиғфар айтқан пенде пайғамбарлар мен шыншылдар жолымен жүргендер қатарында болады.

3.Истиғфар айтушы адам иман ләззатын татушы адам болып саналады.

4.Истиғфар айтушы пендені Алла Тағала күнәлардан пәктейді.

5.Истиғфар айтушы пендеге берілген нығметтердің саны жоқ.

6.Истиғфар пенденің дәрежесін көтеруші амал.

7.Истиғфар - барлық бақыттың кілті.

8. Истиғфар - жаңбырдың жаууына себеп болады.

10.Истиғфар айтқан адамның мал-дүниесіне береке кіреді.

11.Истиғфар айтушы пенде перзент нығметімен нығметтеледі.

13.Истиғфар - шаруаның, диқаншының дұғасы.

14.Истиғфар айтушы адам тозақ отынан арашаланады.

15.Истиғфар пенденің жұмаққа кіруіне себепкер болушы амал.

16.Истиғфар айтқан адамға Алланың рақымы мол жауады.

17.Истиғфар пенденің денсаулығына таптырмас шипа болып саналады.

18.Истиғфар айтушы пенденің ғұмыры берекелі болады.

19. Истиғфар адамның көңілін тыныштандырады.

20.Истиғфар шайтанның азғыруын қайтарады.

Суфиян Сәури: "Құтқару кемесі бола тұра теңіз суына батып кеткен адамға таң қаламын" деген екен. Адамдар мұның мағынасын сұраған кезде: "Алладан кешірім тілеу" деп жауап берген екен.

Сол үшін де ғалымдарымыз егер пенде қандай да бір күнә жасап қойған болса, соңынан дереу истиғфар айтуды уәжіб амалына жатқызған екен. Ал енді қарапайым күнделікті өмірінде истиғфар айтып жүруді мұстахаб амалы деп санаған. Әсіресе таңғы уақыттарда көбірек айтқанды жөн деп санаған екен. Сауабы өте мол делінген.

Бір риуаяттарда айтылады, Ібіліс шайтан: "Мен адамдарды күнәлары арқылы құрдымға ұшырататын болсам, олар мені Лә иләһа иллалла арқылы және истиғфар айтумен құрдымға кетіреді", деген екен.

Истиғфардың қысқа, ұзын және орташа және тілге жеңіл нұсқалары бар. "Астағфируллаһ" деп айтудың өзі де истиғфарға жатады. Немесе "Астағфирулла уә атубу иләйһи" деп айтса да истиғфар айтқан болып саналады.

Құрметті оқырман! Мақаламызды қорытындылай келе айтарымыз, барлығымыз да Алланың кешіріміне, мейіріміне мұқтажбыз. Истиғфар айту арқылы түрлі қиыншылықтардан жол табуымызға болады. Өйткені Алла Тағала баршамызға осы бір мүмкіндікті нәсіп еткен. Сол үшін оны көп айтуды әдетке айналдырғанымыз абзал.

 

Джадраев Сұлтаншәріп

"Сұлтан" мешітінің наиб имамы

Рысқұлов ауданы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: