Әлемде ана мейіріміне жетер ештеңе жоқ. Ана мейірімі әлемді өз нұрымен безендіріп тұрады. Анасыз мына тіршілікті көз алдыңа елестетіп көрсең, одан өткен қиыншылық жоқ шығар дерсің. Кейде ана қадірін тек ана болғандар ғана терең түсінеді деп те жатады.
Алла Тағала Құран Кәрімде: "Адам баласына әке-шешесіне жақсылық істеуді нұсқадық. Өйткені шешесі оны зорға көтеріп, әрең босанады...", – деп баяндайды. (Ахқаф сүресі, 15 аят).
Алланың құзырында ананың қадірі өте жоғары екендігі көрсетілген. Әбу Ләйс Самарқанди айтады: "Егерде Алла Тағала аналарды құрмет қылуды өз кітабында айтпаған болған болса да пенделер өз ақылдарымен оларды құрметтеу керек екендіктерін, олардың алдындағы борыштарын өтеу керек екендіктерін біліп, сезінер еді. Өйткені Алла Тағала оларға жақсылық жасауды тіпті Таурат, Інжіл, Забур және Құран кітаптарында да барлық пайғамбарларға бұйырған!". Жас кезімізден бастап өміріміздің соңына дейін "жан балам" , "құлыным" , "не болса да перзентіме зияны тимесе екен" , "керек болса балам үшін жанымды да беремін" деп отырса да, тұрса да перзентін ойлап өткен асыл аналарымызды қадірлеп өту басты міндетіміз. Сол үшін де Пайғамбарымыз с.ғ.с. әуелгісінде үш мәрте анаңа, төртіншісінде әкеңе жақсылық қылғын деп бекерге бұйырмаған. Құранда: "Нендей жақсылық жасайтын болсаңыз, әуелі ата-анаңызға, туыс бауырларыңызға, жетімдерге, кедей-міскіндерге және жолаушыларға жасаңыз",- дейді. (Бақара сүресі, 215 аят)
Аналар мейірімін сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ана мейірімі тіпті жануарлар әлемінде де ерекше. Пайғамбармыз с.ғ.с. Меккеге ғұмра қажылығына (худайбия ғұмрасы) кетіп бара жатып, жолда анасының қабіріне келіп тоқтаған. Жаратушысынан рұқсат сұрап, анасының қабіріне зиярат жасады. Анасының қабірінің топырағынан иіскеп, көңілі босап көзіне жас алды. Пайғамбарымыздың с.ғ.с. бұл күйін көрген мұсылмандар да көздеріне еріксіз жас алды. "Неге көңілі босады екен?" дегендерге, "Анамның маған деген рақым-мейірімін есіме алып жыладым", деп жауап берген екен. Біздердің ең әуелгі мұғалімдеріміз, ол - аналарымыз. Перзент ұмытуы мүмкін, ал аналарымыз еш ұмытпайды. Олар перзенттеріне дұға тілектер жасап жүреді. Перзенті бақытты болса, ана да бақытты болады. Оларды ешқандай да дүнияуи істер арқылы ренжітпеуіміз керек. Дүние істерін ешкім де бітіре алмаған. Күндердің күнінде құс боп ұшып кете барады. Маңайымызда көп адамдар бар, туған-туыстарымыз, дос-жарандарымыз, көршілеріміз. Бірақ солардың ішінен ананың орнын толтыратын ешкім жоқ. Халық даналығында: "Анасы жоқтың, ешкімі жоқ" деген де нақыл сөз бар.
Уақыт деген аққан өзендей өтеді де кетеді, өмір өткінші. Мұсылман адам маңайындағы бардың қадіріне жете білуі керек. Ғибрат үшін жоғарыдағы тізбектеліп келтірілген әңгіме анасы барлар үшін үлкен ескерту ретінде айтылуда. Айтқысы келгені, анаңды қадірле, бір күні қасыңнан таба алмай қалуыңыз мүмкін дегенді ойға салуда.
Ислам діні екі түрлі себептен анаға құрмет жасауды әкеден жоғары қояды:
Біріншісі: Ана перзентті дүниеге әкелуінде әкеден гөрі көп машақаттар шегеді, перзентін құрсағында тоғыз ай көтеріп жүреді, емізеді және түн ұйқысын төрт бөледі.
Екіншісі: Оның тәрбиесімен шұғылданады.
Аналарымызды тірі кезінде де, өмірден озған кездерінде де құрметтеуіміз, олардың хақысына дұға жасау, қабірлеріне зиярат жасау әрбіріміздің басты борышымыз.
Сол үшін де аналарымызды құрметтеп өтейік оқырман! Жұмақтың анасының разылығын алған әр пендеге ынтызар екендігін басты назарда ұстанайық!
Үмбет Сабырханов
Т.Рысқұлов ауданы