Қоршаған ортаның тыныштығы сақталып тұрса ол қоғамдағы адамдардың жайлы өмір сүруіне қолайлы болмақ. Ал,татулық пен ынтымақтықта күн кешу бұл тұрақтылықтың көрінісі айналмақ. Асыл дініміз жаратылыстың барлығына қамқорлық көзімен қарауға шақырады.
Ислам діні - бейбітшілік, амандық деген ұғымды білдіреді. Алла тағаланың соңғы елшісін жіберудегі мақсаты қасиетті құранның "Әнбия" сүресінің 107 - аятында былайша баяндалады: "Біз сені әлемдерге тек рақым етіп қана жібердік".
Ислам діні мемлекетте, қоғамда тыныштық, әділдік болуын көздейді. Адамды соған тәрбиелейді. Олай болса, біз таза діни істерден өзге осындай ұлы мұраттарды да нысана етуіміз керек. Өйткені, адам баласы қайырлы да ізгі амалдармен ған жаратушыға жақындайды. Қасиетті Құранда: "Бір - бірлеріңе ізгі істерді, тақуалықта көмектесіңдер. Күнә жасауға, дұшпандыққа жәрдемші болмаңдар..." делінген.
Мұсылман кісі өзгелерге тіл тигізіп сауап таппайды, керісінше исламнан алшақтатқаны үшін күнә табады. Олай болса, мұсылманның міндеті өзгелерді діннен үркіту емес, өз дінін кемшіліксіз түрде жеткізе білу. Әрбір мұсылман пенде өз дінін насихаттап, Қоғамдағы тыныштық пен бейбітшілікті орнатуға талпынуы керек.
Асыл дініміз қоғамдағы өзге дін өкілдерімен дін мәселесінде жанжалдаспай, парасаттылықпен пікір таласуды ескертеді. Бұл жайында аятта былай дейді: "Кітап иелерімен ең көркем түрде, сыпайылық пен әдептілік сақтап пікір таласыңдар " (Анкабут сүресі, 46 аят).
Ел тыныштығы мен бірлігі үшін әрбіріміз өзімізге жүктелген міндетке жауапкершілікпен қарап, болашағымыз үшін қазірден өз үлесімізді қосайық. Елдің өркендеуі мен діннің қанат жайуы тек тыныштық пен бірліктің арқасында жүзеге асатынын ұмытпайық.
Мойынқұм ауданының бас имамы
Р. Асылбек