Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтуынша, кісінің өз еңбегімен тапқаны адал. Ешбір пайғамбар басқаның қолына қарап масыл болмаған. Күллі пайғамбарлар түрлі кәсіппен айналысып қана қоймай, сол істі бірінші болып бастап, онысын елдің игілігіне ұсынған.
Мысалы, хазірет Ыдырыс (оған Алланың сәлемі болсын) тігіншіліктің, хазірет Нұх (оған Алланың сәлемі болсын) кеме жасаудың шебері. Хазірет Дәуіт (оған Алланың сәлемі болсын) ел арасында темірден түйін түйген ұсталығымен танылып күнін көрсе, хазірет Зәкария (оған Алланың сәлемі болсын.) ағаштан ою ойған хас шебер болған деседі. Сол секілді Алла Елшісі Мұхаммет пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бала кезінде қой бақты, ер жеткенде сауда жасады. Бір хадисінде: «Мен Мекке халқының қойын бақтым», - дейді. Қой бағуының басты себептерінің бірі Алла Тағала болашақ Пайғамбарымызды уақытын босқа өткізуден және кейбір жастардың ойын-сауықтарынан сақтаған. Бұған дәлел Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басынан өткен мына оқиға:
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «Мен қараңғылық заманында сол кезге тән екі іске құмарттым, бірақ Алла Тағала оны маған істетпей, аман сақтады. Бұдан басқа кейін пайғамбарлық келгенге дейін ешбір жаманшылыққа бет бұрған емеспін. Менің істегім келген істің екеуі мынау: Бір құрайыш жігітімен бірге Меккенің шет жағында қой (арасында түйе де баққан) бағатынбыз. Түнде де кезектесіп малға қарауды әдетке айналдырған едік. Бір күні кешке жанымдағы жолдасыма: «Мен бүгін қалаға барып, жастардың түнгі ертегі мәжілістеріне қатысқым кеп тұрғаны», - деп малды тапсырып, Меккеге келдім. Қалаға кіре берісте-ақ бір жерде ән айтып, әуен ойналып жатқанын естідім. Сол күні қалада үйлену тойы өтуде екен. Ыңғайлы жерге отырып алып, тойды қызықтамақ болдым. Сол-ақ екен екі қүлағым тарс бітеліп, ұйықтап кетіппін. Таңертең күн шақшиып түскенде ғана оянып, есімді жидым. Қойшы жолдасым қайтып келгенімде менен не көргенімді сұрады. Мен басымнан өткен жайды баяндап бердім. Ол да аң-таң», - деді.
Төрт түліктің бірі – қой қазақ үшін ата-баба кәсібі. Сондықтан қой шаруашылығына ден қойған қазақстандық шаруалар көп жағдайда ғасырлар бойы жинақталған тәжірибелік ілімге көп сүйенеді. Десе де бүгінде қой шаруашылығына қатысты, қойларды күтіп, бағу, өсіру, төлдету, олардың етті-сүтті тұқымдарын жетілдіру әрі қой етінің түрлі ауруға ем екенін және т.б. мәселелерді зерттеуде ғылым да кенде емес. Бұл ретте «agroqogam.kz» сайтында қой малына қатысты ғылыми негізделген ақпарат беру үшін отандық ғалымдардың әдебиетін қазақ тіліне аударып шыққан болатын. Осы ретте «Қой шаруашылығы» атты кітаптың ең құнды деген тұстарын назарға ұсынамыз.
Кітап авторлары қазақ еліндегі қой тұқымдарын жетілдіруге, жаңа қой тұқымдарын шығаруға үлес қосқан, Қазақстан аумағындағы қой шаруашылығын дамытуға ғылыми негізде еңбек сіңірген Мырзабеков Сұлтан Шайымұлы мен Ресей ғалымы Ерохин Александрдың бірлескен еңбегі.
Кітаптағы ақпаратты негізге ала отырып, қойларды бағу, азықтандыру, олардың биологиялық және өнімдік ерекшеліктері, қойдан алынатын өнімдер туралы теориялық, әдіснамалық және практикалық сауалдарды бір жыл бойы оқырмандарымызға ұсындық.
Қойлардың шығу тегінен бастап, олардың биологиялық ерекшеліктері, қой тұқымдарының түрлеріне қатысты ақпараттар да сайтта бар. Қойлардың биологиялық ерекшеліктеріне олардың ағзасының қоршаған орта жағдайларына сәйкес өнімділік пен ерекшеліктерін анықтайтын морфофизиологиялық қасиеттерінің жиынтығы жатады.
Елімізде қойлардың көптеген түрлері өсіріледі. Олардың кейбірі дәл біздің елді бұрыннан мекен еткен болса, кейбірі бірнеше қой тұқымын будандастыру, яғни селекциялық жұмыстар нәтижесінде пайда болған.
Қазіргі қойлардың маңызды ерекшелігі – табиғаттың түрлі жағдайларына бейімделе алуы. Олардың бұл бейімделгіштігінің арқасында адамдар шөл-далаларда, тауларда, далаларда және т.б. түрлі экологиялық жағдайларда қойлардың көптеген түрлерін шығара алды.
Қойлар жайылымдық жерлерге жайылуға бейімделген. Жануарларға жеуге жарамды 800 өсімдіктің 460 түрі ірі қара мал, 416 түрін жылқы малы жесе, қойлар еш қиындықсыз 520 түрін жейді. Жусанның 91 түрі бар. Оның 39-ын жылқы малы, сиырлар 24 түрін жесе, қойлар 46 түріне дейін жейді.
Қойларды азықтандыруға қатысты көптеген ғалымдардың тұщымды ойлары, пікірлері бар. Кей жағдайда оларды дұрыс азықтандырмаудың салдарынан түрлі дерттер туындауы мүмкін. Қойлар шыдамды, төзімді келгендіктен, олар жайылымнан жайылымға көшіп жүре береді. Тау-тастағы, шөл-шөлейттегі, жартылай шөлейттегі өсімдіктерді жей береді. Бұл олардың физиологиялық қана емес, анатомиялық та ерекшелігіне жатады. Мәселен, қисық біткен тістері мен жіңішке еріндерінің арқасында олар тіпті тықыр жерлерде өздеріне азық табуға қауқарлы. Тіпті, астық дәндерін де олар асқан шеберлікпен таңдап, дәндерді жеке-жеке де жей алады. Сол себепті, олар жайылым сапасына тәуелді емес. Ащы, тікенекті өсімдіктерді, арам шөптерді де қойлар азық етеді. Тиімділік тұрғысынан алғанда, бұл көптеген фермерлер мен қой бағушы шопандар үшін де қолайлы.
Кумбаев Ербол Каскирович
Жамбыл облысы Байзақ ауданы Базарбай ауылы «Базарбай» мешітінің имамы