САЛТ – САНАМЫЗ, ДӘСТҮР - ДАҒДЫМЫЗ

САЛТ – САНАМЫЗ, ДӘСТҮР - ДАҒДЫМЫЗ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Дін мен дәстүр – қашанда бір-бірімен сабақтас ұғым. Дін – адамдық ізгі қасиеттерімізді асқақтатса, салт-дәстүр – ұлт болып қалыптасуымыз үшін қажет. Дәстүрге теріс көзқараспен қарау және оны жоққа шығару тек бір ұлттың тамырына ғана балта шабу емес, дінді бұзушылық болып та табылады.

Аллаға шүкір, еліміз егемендігін алғалы етек-жеңімізді жиып, рухани дүниелеріміз түгенделуде. Ұлттығымыздың негізгі белгілері – дініміз бен діліміз, тіліміз қайта түлеп, жаңғыра бастады. Бұдан әуелі Ұлы Жаратушы Алла Тағаланың бізге деген сыйы деп ұғынуға тиіспіз.

Абай Хәкімнің: «Алланың, Пайғамбардың жолындамыз, ынтамызды бұзбастық иманымыз» - деген өлең жолдарынан-ақ қазақ халқы әу баста қандай жолды ұстанғанын байқауға болады. Қазақ халқының ұлттық салт-санасы мен әдет-ғұрыптары Ислам дінімен тығыз байланысты. Дін мен ділдің, салт-сана мен шариғи ғұрыптардың өзара астасуы елдің бірлікте, ынтымақта өмір сүруіне негіз қалайды. Қазақтың киелі топырағынан қаншама ғұламалар шықты. Аты әлемге мәшһүр, екінші ұстаз атанған Әл-Фараби, ақын-шайыр, сопы Қожа Ахмет Иассауи, атақты ғалым  Сүлеймен Бақырғани және т.б.

 Олар үлкен ғалым болумен қатар барлығы да діннің аса білгір маманы еді. Біз, өскелең ұрпақ, осындай ұлы адамдардың жерлесі болғандықтан, олардың атына кір келтірмеуге тиіспіз.

Қазақ халқының тұрмыс тіршілігі, әрбіріс-әрекеті Ислам дінімен тығыз байланысып жатыр.

Мәселен: Азан шақырып ат қою.

Қазақ халқы шыр етіп жарық дүние есігін ашқан сәбиге азан шақырып ат қояды. Бұндайда баланың басын құбылаға қаратып, оң құлағына азан айтып, ата-анасы таңдап қойған есімді «мұның аты пәленше...» немесе «сенің атың пәленше...» деп үш қайтара айтатын болған. Осыған байланысты халқымыздың тілінде «азан шақырып қойған аты» деген тіркес кең тараған. Бұл іс ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннет амалы. Шариғат бойынша нәрестенің оң құлағына азан, сол құлағына қамат айтылады. Убайдулла ибн Әбу Рафиғ (Алла оған разы болсын) атты сахаба өзінің әкесінен: «Фатима Әлиұлы Хасанды дүниеге әкелгенде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның құлағына намазға азан айтқандай азан айтқанын көрдім», – деген хадисті жеткізген (имам Тирмизи).

Сонымен қатар шілдехана тойы. Бала дүниеге келгенде  –бір ғана отбасының емес, бүкіл ауылдың, елдің қуанышы болған. Бала – өмірдің қызығы. Атам қазақ «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген аталы сөзді бекер айтпаған. Сондықтан ата-бабаларымыз сәби дүниеге келген кезде салт-дәстүр бойынша жаңа туған нәрестеге арнап қой сойған. Бұл дәстүр шариғатта «ақиқа» деп аталады. Ал қазақ салт-дәстүрі бойынша «қалжа» делінеді. Атаулары бөлек болғанымен негізгі атқаратын міндеттері бірдей.

«Шілдехана» сөзі парсы тілінен енген. Шил – «40», хана – «той» деген мағынаны білдіреді. Яғни босанған әйелге 40 күн толған күні ел жұрт жиналып, үлкен той жасап, нәрестені бесікке салады. Діни тұрғыдан айтар болсақ, босанған әйелге 40 күн аяқталған соң намаз оқып, ораза тұтуға, қажылыққа баруға, Құран кітабын ұстауға, күйеуімен жақындасуына рұқсат етіледі.

Имам ибн Ғабидин: «Ислам шариғатында, «әл-ғурф» (ғұрып) және «әл-ғада» (әдет) деп аталатын, адамдар арасында қалыптасқан салт пен дәстүрді айқындайтын үкімдер бар» - деген.

Қонақжайлылық – халқымыздың ерекше қасиеттерінің бірі. Қонаққа деген құрметтің бір негізі Ислам дінінде жатыр. «Кімде-кім Аллаға, ақырет күніне иман келтіретін болса, қонағын құрметтесін, жақсылық күтсін», - деген Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын). Исламға дейінгі салт-дәстүрлердің дінге қайшы келмегеніне тыйым салынбаған. Айша анамыздан (Алла оған разы болсын) мынадай хадис жеткен: «Бірде Әбу Суфиянның әйелі Хинд Алла елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Әбу Суфиян сараң адам, егер мен оның рұқсатынсыз алмайтын болсам, ол маған және бала-шағама жететіндей нәпақа бермейді», – деді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзіңе әрі балаңа ғұрыпқа сай жететін нәрсені ал!», – деп жауап берді» (имам Бұхари, имам  Муслим). Бұл хадиске қатысты Имам Нәуәуи Сахих Муслим кітабына түсініктеме бергенінде: «Шариғатта нақты айтылмаған мәселелерде, салт-дәстүрге сүйену керек», – деп айтқан.

Құрметті жамағат,  дін мен дәстүр үндестігін сақтау – бүгінгі ұрпаққа жүктелген үлкен міндет. Бұл екі асыл қазынамызды қадір тұтсақ, тарихымыз бен мәдениетімізді ұлағаттаған, ата-бабалар қалдырған ұлы аманатты сақтаған боламыз.

 

 

Тілеуқұлов Қанат Тұмарбекұлы

Байзақ ауданы Бурыл ауылы

«Шолпан Дәуіт» мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: