Т. РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ: БІР ҚУАНЫШ, БІР ҚАЙҒЫ

Т. РЫСҚҰЛОВ АУДАНЫ: БІР ҚУАНЫШ, БІР ҚАЙҒЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бұл өмірде Адам баласы үлкенді-кішілі түрлі қиыншылықтарға жолығып жатады.Өйткені, Жаратушымыз әрбір пендесін өздеріне лайықты болған сынақтармен сынайды екен, яғни адамдарды оларға берген қабілеттері мен дарындары негізінде сынайды. Адамдар бірдей сыналмайды.

Кейбір құлдарын мусибаттармен сынаса, басқа біреулерін өздерінің жасаған күнәлары себебінен сынап жатады.Кімде-кім осындай түрлі жағдайлардың қайсыларымен болсын сыналған кезде сабырлылық танытатын болса, Алланың құзырында дәрежесі көтеріледі. Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді: "Әрине сендерді қауіп-қатер, ашаршылық және малдардан сондай-ақ өнімдерден кеміту арқылы сынаймыз, (Мұхаммед с.ғ.с сондай жағдайларда) сабыр етушілерді қуандыр!" (Бақара сүресі, 155 аят)

Өмір болған соң әрбір адамның өз жеке қайғы-мұңы, проблемалары болып жатады.Жалпы айтқанда, Сынақ – барлық адамды қамтитын Алла дәстүрлерінің бірі. Бір шаруа кісінің екі есегі болған екен.Бір күні сапарға шықпақшы болып, екі есегінің біріне тұз артыпты да екінші есегіне ыдыс-аяқтар, қазандар жүктепті.Жолда келе жатып, тұз артқан есек шаршай бастапты, оған арқасында жеңіл жүктер тиелген екінші есек күлкімен қарапты.Содан келе жатып алдарынан үлкен арна сулары кездеседі.Екеуі арнаны кешіп өткен кезде, тұз арқалаған есектің тұздары суға еріп кетеді.Ал енді ыдыс-аяқтар мен қазандар арқалаған есектің ыдыстары керісінше суға толған екен.Ауырлығы соншалықты, белі майысуға дейін барған екен.Сол кезде ауыр жүгі жеңілденген есек екінші есекке, яғни ыдыс-аяқтары суға толған есекке күле қарапты.

Ғалымдар жоғарыда айтылған ғибратты хикаяны адам санасының түбіне дейін жетсе екен деген мақсатта мысалмен келтіруде. Және бір айта кетерлігі, ғибрат үшін айтылған әңгімені ғалымдар былай түсіндіреді: Есектер иығындағы тұз бен ыдыстар адам баласының иығындағы қуаныш пен қайғыларына ұқсайды.Адам баласы Алланың құзырында ең қадірлі болып ардақталады.Егер басыңда қандай да бір өмір қиыншылықтары орын алып жүрген болса, оны өмір бойы басыма түскен екен деме, немесе басыңда бақытты дәуренің болған кезде де, мұны мәңгілік берілген бір салтанатым деп санамағын.Жарық күн мен қараңғы түн секілді қуаныш пен қайғы адам басына кез келген уақытта келері сөзсіз.Бастысы, екеуіне дайын болуға дініміз бұйырады.

Жалаң аяқ жүрген баланың арманы аяқ-киім болған болса, аяғы кесілген адамның арманы аяқ болуы мүмкін.Көшеде түнейтін кедейдің адамы баспана болған болса, баспанасы бар адамның арманы перзент сүю болуы да мүмкін.Өмір сондай.Ешкім де мүкәммал (ойсыз,уайымсыз, проблемаларсыз) емес.Берілген әр нәрсенің артында бір әттеген-айы болады. Адам өзінің бойындағы үлкен нығметтерді көре білуі керек, азсынбвй қанағат етуі керек.Сол кезде бақытты ғұмыр кешіп, әр нәрсе өз берекесімен болады.Әбу Һурәйра р.ғ. Пайғамбарымыздан с.ғ.с. төмендегі хадисті риуаят етеді: "Сендердің біреулерің өзін қанағатшыл болуын сезінгісі келсе, өзінен төменгі дәрежедегі кедей-міскінге зер салып қарасын!" Мағынасы: Сендегі бар нәрсе біреулер үшін арман болуы мүмкін.Сол үшін басыңдағы нығметті бағалай біл!

Ислам тарихында Сағди Ширази деген ғалым тақуа болған.Сол кісінің басынан өткен керемет бір ғибратты оқиғасын келтіріп өткенді жөн санадық. Сағди Ширази айтады: "Дүние істеріне еш шағымым болған емес, тек бір мәрте ғана бірде аяқ-киімімнің болмағаны қатты қиналдым.Сатып алатын тиыным да жоқ болатын.Жұрттың бәрінде бар сол бір аяқ-киім неге менде жоқ деген ойлар мені қатты мазалады.Куфа мешіттерінің біріне кірдім.Сол жерде аяғы жоқ бір мүгедек кісіні көзім шалды.Жүрегім сыздап, аяқсыз намаз оқып тұрған жанды көрген кезімде аяқ-киімсіз жүргенімді үлкен бір нығмет деп санадым.Дереу тәубеме келіп, Раббыма шүкіршілік айттым."

Сөз соңында айтарымыз, басымызға қандай да істер түссе де Алланың сабырында болайық ағайын! "Шын мәнінде қиындықпен бірге жеңілдік бар" ("Шарх" сүресі, 6-аят) Ел іргесі аман, жұртымыз тыныш болсын!

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

 

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: