БАЛА ТӘРБИЕСІ – БАРШАМЫЗҒА ОРТАҚ МІНДЕТ

БАЛА ТӘРБИЕСІ – БАРШАМЫЗҒА ОРТАҚ МІНДЕТ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Өскелең ұрпақ тәрбиесі ешқашан салғырт қарауды көтермейтін, аса бір күрделі де маңызды іс. Адамды адамдық қалыпқа келтіретін де, аздырып, тоздыратын да тәрбие жұмысы. Балаға жас кезінде әсер ететін құбылыстар әр түрлі болғанмен оларды тәрбиелеуші ең әуелі оның ата -анасы екендігі бесенеден белгілі.  Жалпы ұрпақ тәрбиесіне асыл дінімізбен қатар, дана халқымыз да қашанда бей-жай қарамағаны белгілі. Ислам діні бала тәрбиесі туралы маңызы зор толғамдар мен пайдалы насихаттарға толы. Балаға жақсы есім қою, оған тәлімді де парасатты тәрбие беру – ата-ана үшін ең ұлағатты парыз болып саналады.

Бала тәрбиесі ата-ана үшін күрделі де жауапты міндет. Баланың өмірге бейімдеуде мектеп, ұстаз және ата-ананың орны бөлек. Қай халық болсын ұрпағының тәрбиесіне терең мән беріп, болашағына үнемі алаңдаушылықпен қараған. Ұрпақ тәрбиесі келешек қоғам мұрагерлерін тәрбиелеу ісі. Жалпылай алғанда адам баласы қоғамда өзінің жақсы адамгершілік қасиеттерімен ардақталатыны мәлім. Адамгершілік негізі – имандылық пен ізеттілікте. Ол әрбір отбасынан басталады. Осыны жадында тұтқан қазақ халқы жастарды кішіпейілділікке, ізеттілікке, инабаттылыққа тәрбиелеуді бірінші міндет деп санаған. Халқымыз: «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» дейді. Ата-ананың үйдегі іс-әрекеті балалардың көз алдында өтеді. Сондықтан жақсы мен жаман әдетіміздің бала тәрбиесіне ықпалы зор.

Бүгінгі ұрпақ ол – еліміздің болашағы. Біздің алға қойған мақсатымыз –қазіргі қоғам мұратына сай жан-жақты жарасымды тұлға өсіру .Ұрпағымызға дұрыс тәрбие бере алсақ, оның жан дүниесі де дұрыс қалыптасып жетіледі, яғни бойына жақсы қасиеттерді сіңіріп өседі. Бұл қасиеттердің бәрі адамның бойында бала кезінен бастап тұрақты қалыптаспақ. Баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы жақсы мен жаманды, обал мен сауапты ажырата білуі өзін қоршаған ортасына, ата-анасына, құрбы-құрдастарына, олардың іс-әрекеттеріне және де басқа да қасиеттеріне байланысты.

Негізінде бала болмысының қалыптасуы әке-шешесінің тек сыртқы қимыл-әрекетімен ғана шектелмейді екен. Мамандардың айтуынша бала біз ойлағаннан да ішкі дүниемізге терең бойлап тәрбие алады. Бала әкенің әрбір сөзі мен қимылын қадағалап отырады. Тіпті, жүріс-тұрыс үлгісін де айна-қатесіз қайталайды. Бала үшін әкенің әрекетінде елеусіз және ұсақ-түйек деген нәрсе жоқ. Сондықтан баланы жаман сөзден тыймас бұрын, әке өзі тиылу немесе баланы жаман әдеті үшін жазаламас бұрын, қателіктің себебін әке өзінен іздеу қажет болады.

Біз ата-ана ретінде бала-шағамыздың алдында жауапкершілігімізді түсінуіміз керек. Өйткені Ибн Омардан (р.а) жеткен хадисте : «Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «Әр қайсыларың бақташысыңдар және (барлықтарың) қоластындағыларың үшін жауаптысыңдар. Ел билеуші бір бақташы және қоластындағылары (халқы) үшін жауапты. Ер адам жанұясының бақташысы және солар үшін жауапты. Әйел ерінің шаңырағы мен бала-шағасының бақташысы және сол үшін жауапты. Қызметші де қожайынының дүние-мүлкінің бақташысы және сол үшін жауапты. Қысқасы әр қайсыларың бақташысыңдар және қоластындағыларың үшін жауаптысыңдар»,- деп айтқанын естідім – деген.

Жас шыбық иілгіш болса, жас адамда сондай жақсыға да, жаманға да бірдей бейім болатыны бәрімізге мәлім. Ата-ананың үйдегі іс-әрекеті балаларының көз алдында өтеді. Сондықтан ата-ана бойында жақсы, жаман әдеттерімен балаға зор ықпал ететінін ұмытпауы тиіс.

Қорытындылай келе, бала тәрбиесіндегі ең басты ережелер – балаға керекті кезде назар аудара білу, оған деген махаббатты қай жаста да көрсете білу, оның көзқарастарын ерекшеліктерін түсіне білу болып табылады.

 

                                                                           Ахат Қайыпбергенұлы

                                                                 Талас аудандық "Әбдірашит ата" мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: