Жамбыл облысы Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінің наиб имамы Бақытбек Бауыржанұлы Тараз қаласы «Ұлы дала» мөлтек ауданында орналасқан «Давруш ата» мешітінде жұма намазының алдында мешіт жамағатына насихат айтты.
Бақытбек Бауыржанұлы насихатында: «Асыл дініміз адамдарды өзара ынтымақ пен татулыққа, бірлік пен сүйіспеншілікке шақырады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әнбия» сүресі, 92-аятында:«Міне барлығың сенімі ортақ бір үмбетсіңдер. Ал Мен Раббыларыңмын. Ендеше Маған ғана құлшылық етіңдер», – деп бұйырған.
Ардақты Пайғамбарымыз да (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандарды: «Бір-біріңді жек көрмеңдер, бір-біріңе көреалмаушылық қылмаңдар, бір-біріңнен теріс айналмаңдар! Уа, Алланың құлдары! Бір-біріңе бауыр болыңдар!» - деп мұсылмандарды бауырмалдыққа шақырған (имам Бұхари, имам Мүслим).
Мұсылман жамағатын ұйыстыратын негізгі себеп – бір сенімде, бір мазһабта болу. «Мазһаб» сөзі «жол, бағыт, көзқарас» деген мағынаны білдіреді. Шариғатта арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығын «мазһаб» деп атайды», – деп «Мазхаб ұстанудың артықшылығы» тақырыбында уағыз айтты.