Мазхаб – мұсылмандардың сан түрлі топқа бөлініп кетуінен сақтап, оларды бір тұжырымға тоқтататын маңызды ұстаным. Мазхаб ұстанбау мұсылманды діннен шығармайды, алайда күнаһар етеді. Кейбір мұсылман бауырларымыз Құраннан аят келтіріп:
وَاعْتَصِمُوا بِحَبْلِ اللَّهِ جَمِيعًا وَلَا تَفَرَّقُوا
«Түп-түгел Алланың жібіне (дініне) жабысыңдар да бөлінбеңдер» - деген Алла Тағаланың сөзіне мазхаб ұстану қайшы әрі ол бөліну болып табылады деген қате пікір білдіріп жатады. Керісінше жоғарыда айтқанымдай мұсылмандарды біріктіретін мықты құрал ол – мазхаб. Демек бұл аятта көзделген мақсатқа мазхаб ұстану жақынырақ. Ислам тарихында дінді ұстануда озық болған тұлғалар, ғұламалардың барлығы мазхаб ұстанған. Бұл пікір бекер емес. Мысалы Имам Әбу Юсуф, Имам Тахауи, Имам Ғазали білімдері аз болған себепті мазхаб ұстанды деп айтуға болмайды. Себебі Имам Юсуфтың өзі мазхаб құра алатандай немесе өз ұстанымымен жүре алатын мүжтаһид, дінде биік дәрежелерге жеткен ғұлама болған. Алайда солай бола тұра бұл ғалымдардың барлығы мазхаб ұстанып, белгілі қағидаттарға сүйеніп амал еткен. Демек мазхаб ұстану дұрыс емес амал болса, бұл ғұламалар ұстанар ма еді? Қысқасы діннің, тақуалықтың, білімнің майын тамызған ғұламалар бұрыс амалдың соңынан еш уақытта кетпейді. Осындай ғұламалар мазхаб ұстануды дұрыс амал деп танығаннан кейін, ол нәрсе қарсы пікір білдіру орынсыз. Әсіресе бізге, дәреттің, намаздың парыздарын және рүкіндерін толық білмей тұрып, осындай пікір айту асыра сілтеу.
Құран мен сүннетке амал ету, шариғат үкімдерін толық түсіну белгілі үйретуші ортаны талап етеді. Құранның 6 мың аяты, 30 мыңдай хадис бар. Осылардың барлығын толығымен түсініп ара жігін ажырата білу үшін мазхаб ұстану ең дұрыс жол болып табылады.