МАЙДАНГЕР, ЕҢБЕК ЕРІ ӘРІ ИМАМ – МЫРЗАТАЙ ПРИМКУЛОВ

МАЙДАНГЕР, ЕҢБЕК ЕРІ ӘРІ ИМАМ – МЫРЗАТАЙ ПРИМКУЛОВ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

         Мырзатай Примкулов Жамбыл облысы Байзақ ауданы қазіргі «Диқан 2» ауылында 1912 жылы дүние есігін ашқан. Мырзатай Примкулов жастайынан еңбеқкор, халқына жанашыр тұлға. Сонымен қатар, ол келбетті, кісілікті, ағайынның ұйытқысы, өмірден тоқығаны көп, сауатты жан болған. Буыны қатпаған балалық шағында ұжымдастыру ауыртпашылығын, аштық, қуғын-сүргін қасіреттерін бастан кешті. Сол дәуірдің қиындықтарын көре жүріп, колхоздың жұмысына етене араласып, адал еңбегімен, сабырлы мінезімен ортасына танылады. Сушы, сиыршы бала болып, қара жұмыстың қазанында қайнады. Еңбекқорлықты бойына сіңірген Мырзатай Пірімқұлұлы қанша қиыншылық көрсе де төзімділік танытып, замандастарын еңбекке баулуды қатар алып жүрді. Еңбектің жемісінің дәмін бір татқан жас бала әрдайым тың ойлар мен әрекеттерді қолға алып, жастайынан халық баласы болған. Сол уақыттардан бастап Мырзатай Пірімқұлұлы халық алдында өскен. 1934 жылы Алланың жазуымен Жәмеш апамызбен отау құрып, екі қыздың әкесі атанады. Отбасына мейірімді бола білген қамқор әке халыққа да жанашырлығымен көзге түсіп, ел ауызында қалды.

1941 жылы сұрапыл соғыс басталып, 29 жасына қараған шағында Мырзатай Примкулов әскер қатарына қосылып, Отанын қасық қаны қалғанша қорғаумен болды. 1942 жылы Мырзатай Примкулов 538-160 атқыштар полкінде миномет, пулемет атқыш болып талай сұрапыл шайқастардың бел ортасында, өмір мен өліммен бетпе-бет келеді. Сонда да, халқын жаудан қорғау үшін аянбай шайқасып, еш қорқынышсыз кеудесін оққа тосқан ер тұлғалы азаматтардың бірі болды. Осылайша Ленинградты жаудан қорғауға және оны азат етуге қатысып, талай ерлік көрсетеді.

Мырзатай Примкулов 1945 жылы соғыс аяқталып, маусым айында елге жеңіспен оралып, «Диқан 2» ауылында мал шаруашылығының өркендеуіне сүбелі үлес қосқан. Осылайша Мырзатай Примкулов Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктеріне орай "Ленинградты қорғағаны үшін", "Жауынгерлік ерлігі үшін", "Жеңістің 20, 30, 40 және 55 жылдығы" сондай-ақ "Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін" медальдарымен марапатталды.

Батырлығы бір бөлек, еңбекке араласқан кездері елдің болашағы үшін қажырлық еңбегінің нәтижесінде елдің батасын алып, халыққа барынша көмектескен жанашыр жандардың бірі болды. Ғасырлар аңсап, талықсытып барып жеткен тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жолында, жас мемлекеттігімізді баянды етуде Мырзатай Примкулов қаламы мен қайратын қару етіп, жанқиярлықпен аянбай тер төкті. Атап айтқанда, елдің малын бағып жүріп, ауыл молдасынан діни сауатын ашып, халықтың рухани дамуына үлес қосу мақсатында жастарға өз білгенін үйрете бастады. Уақыт өте келе қартайған шағында Жетібай ауылдық "Жетібай" мешітінде имамдық қызмет атқарып, елдің алғысын алып, болашақ ұрпақты рухани құндылықтарға тәрбиеледі.

Сөзі мен ісі біте қайнасқан, сабырлы да кішіпейіл атамыз мінезге бай, кішіге қамқорлық көрсетіп жүретін, игілікті істерге қолдау көрсететін айрықша тұлға еді. Бар білгенін, көргенін халыққа үйретіп жүретін, ауылдың көркейуі үшін аянбай еңбек етіп, дамыл таппайтын, адами құндылықты бойына сіңіріп, өзгенің бойынан сондай ізгі қасиеттерді көру үшін талмай еңбек ететін Мырзатай Пірімқұлұлы әрқашан халқы үшін өмір сүрген дана тұлға. Әрдайым адами құндылықтардың туын желбіреткен, білгенін үйретіп білмегенін сұраған, бойын жақсы қасиеттерге толтырып адал жолда өмір сүрген. Өмірінің соңына дейін ауызынан Алласы түспеген, еліне аянбай қызмет еткен атамыздың артында өшпейтін ізі бар, тәлім алар ісі бар! Мырзатай Примкулов ақсақал 95 жасына қараған шағында 2007 жылдың күзінде көз жұмды. Бақұл бол, елін сүйген еңбек ері, кемеңгер абыз!

Ахмет Болысбекұлы

Жамбыл облысы  Байзақ ауданы  Мырзатай ауылы

«Естай баба» мешітінің молдасы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: