Есірткі - жан азабы

Есірткі - жан азабы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Есірткі жан азабы мен тән азабына, жамандыққа бастау болатындықтан Ислам оған тыйым салған. Ертеде адамдар оба сынды емі жоқ аурулардан көптеп қайтыс болса, бүгінде шүкір, медицинаның біраз ауруларды емдеуге шамасы жеткілікті. Бірақ күні бүгін біз өлімге өзіміз жүгірудеміз. Ішімдік, есірткі дегендерге әуестік ешкім мәжбүрлемей-ақ өлтіруде. Есірткімен қанша күрес жүргізілсе де, қоғамның жас кәрісіне, ер мен әйеліне қарамай бәрін бірдей шеңгеліне түсіріп келеді. Марихуана, героин, кокаин, экстази, риталин, первитин, ингалянттар, ішімдік,  амфетаминдер – бұл күн сайын миллиондағын өмірлерді бұзатын тізім. Жыл сайын мыңдаған адам осы есірткіден көз жұмады. Мыңдаған қылмыс жасалады. Бейресми деректерге сүйенсек, қазір әлем халқының 20% есірткі қабылдайды екен. Бір мәрте есірткінің дәмін татып көрген адамның, одан қайтуы екіталай. Ол адам күні ертең отбасының, әкеш-шешесі мен бала-шағасының берекесін алып, ауырлық түсіреді, қылмыс жасап қоғамға кесірін тигізеді. Нашақорлық – бір әулетті ортасына түсіріп қана қоймайды, бұл елдің, қоғамның, әлемнің өзекті проблемасы.

Жалпы бүгін бұрыс жолға түскен, есірткі еккен, қылмыс жасаған тұлғаның тәрбиелік негізі кеше, бала күнінде қалыптасқан. Осы жаман жайттардың бәрінің бір әрі басты себебі діни  білім мен ұлттық тәрбиенің әуел бастан бойына сіңбегенінен. Иман нәрі, адамгершілік құндылықтары санасына, жүрегіне сіңбеген, ашық-шашық, қатыгез ортада өскен балалардың бұрыс жолға бейім болатыны да жасырын емес. Ал, жүрегінде иманы бар, бойынан, бет-жүзінен тәрбие есіп тұратын баланың шалыс қадамдарға баруы бірен-саран. Бұл бір отбасының тәрбиесі емес, қоғамның ісі. Күні бүгін сол нашақорларды, ішімдікке тәуелділікке түскендерді емдеп, сауықтыратын диспансерлер бар. Жыл сайын мемлекеттен бұл диспансерлерге нашақорларды емдеу үшін  бәленбай мың қаржы бөлінеді. Жүздеген сырқат жатады. Ал, нашақорлықтан құлан таза айығып шығатындары жүзден бір-екеу-ақ. Қалғаны қанша емделсе де, кейін сол диспансерге неше мәрте қайта айналып келеді. Бұл ненің дәлелі? «Аурудың өзін емес, көзін емде»-деген мәтелдің нақ дәлелі. Нашақорлық ауруының көзі – қоғамдық түсінік, қоғамдық тәрбиенің босаңдығы. Бүгінде, бұндай диспансерлерге қоса, көптеген бағыт-бағдар беретін, ақыл-кеңес айтатын, түрлі орталықтар, әлеуметтік мекемелер, психологиялық көмек көрсететін ұйымдар бар. Қоғамдық түсінік пен сананың адамға әсері осы жүздеген диспансер, орталық, ұйым, мекемелерден әлденеше есе артық болатынын білеміз бе? Бала санасында «Елден ұят болады», «Әке-шешем мен үшін елдің алдында ұятқа қалады», «Туысқандарымды жерге қаратпаймын» деген сияқты қоғамда берік қалыптасқан түсініктер, тәрбие негізі болса адамға психологиялық тұрғыдан ықпалы зор. Бұл әрине отбасындағы тәрбиеден басталып, қоғамдық тәрбиемен қалыптасатын жағдай. Қоғамдық құндылық, тәрбие мығым болған жерде, адамгершілік бойға сіңіріліп, діни білім берілген жерде қылмыстың да, нашақорлардың да аз болатыны анық. Сондықтан Құран Кәрімде: «Өздеріңді өлтірмеңдер, шынында Алла сендерге рахымды» - делінген. Ал, біз айтып отырған есірткі – адамның өз-өзін өлімге тігуінің құралы.

Лес Аслан

Тараз қалалық ориталық «Әулие ата» мешітінің найб имамы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: