АТБЕГІЛІК – ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ӨНЕРІ

АТБЕГІЛІК – ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ ӨНЕРІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

            Қазақ халқы ежелден жылқы жануарын жақсы біліп, жүйрік баптап, аламан жарысқа шығара білген. Мұндай жандарды өнер иесі деп санап, «атбегілер» деп атаған. «Жүйрікте де жүйрік бар – қазанаты бір бөлек» деп нақыл қалдырған халқымыз, бәйге аттарын құлын кезінен танып, ерекше күтім жасаған. Мұндай жүйріктердің тарихта аты жазылып, аңыз болып таралуы да тегін емес. Оның бір мысалы Ақан серінің атақты Құлагері деп білеміз.

         Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі» деп атап өтіпті. Жалпы алғанда қазақтың жылқытану ілімінің негізінде атбегілік өнері тұр. Яғни, атбегілік дегеніміз – халқымыздың генеологиялық жадысының туындысы.

       Аталарымыз жылқы түлігін қолға үйретіп, бастықтырған ықылым заманнан бастап – атты баптау, оны сынау, бәйгеге қосу, әрі жауынгерлік өнерге үйрету ісіне қатты мән берген. Әрі бұл ілімді ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып, мұрагерлік ретінде үйретіп отырған.

Атбегілік өнер атты сынау мен баптаудан тұрады. Яғни, аттың сынын білген адам оны баптай да алады. Тіпті ерте заманда өмір сүрген атақты сыншылар тірі жылқыны былай қойып, далада жат­қан қу сүйекке қарап-ақ сын-сипатын айтатын болған.

Мысалы, сонау бағзыда атақты Толы­бай сыншы жолаушылап келе жатып анадай жерде жатқан аттың қу басын көзі ша­лады. Тізгінді тартып тұра қалып: «Ей, мы­нау ерен жүйріктің басы екен, имек тұм­сық, бөкен танау, көзінің ойын­ды­сы терең, жар қабақ, екі жақтың орта­сы ал­шақ, тістері әлі жалтырап тұр, сүйе­гі қан­дай асыл еді жануардың. Мына тұм­сы­­ғы­на қарағанда, шоқтығы биік, аяғы ұзын, қоян тірсек, серпіні қатты, сіңір­лі екен. Құмдауыт, босаң, көбелең жерде бәйге бер­мейтін ат қой бұл. Жасы тоғыз­дан асып, онға қараған дер шағында өлген екен, жануар», - депті.

Жалпы, қазақ даласында ізі қалған атбегілік өнердің танымал өкілдері – жоғарыдағы Толыбай сыншыдан бас­тап, бертінде Бөкей Ордасында өмір сүрген әйгілі Ауқатым және шеркеш Айдабол сыншылар, Жәңгір ханның жылқы тұқымын асылдандыру ісімен айналысқан аты мәшһүр сыншы төре Абылғазылардың еңбегін ел біледі.

Бөкей Ордасы жерінде өмір сүрген екінші бір атбегі Шоқай Шөңкейұлының сыншылығы жайлы орыс зерттеушісі А.Кел­лер көлемді еңбек жазып қалдыр­ған. Ал Атырау аймағында өмір сүрген Дүйсенғали сыншы, шежіре жазушы Сәбит Мұқановтың шығармаларында аты аталатын атақты Киікбай сыншы (Ақан серінің Құлагерін сынаған) жайлы көркем әдебиеттерде үзіп-жұлып айтылады.

Халқымыздың сыншылық дәстүрі Кеңес Одағы кезінде де үзілмей жалғасып отырған. Мысалы, ұлытаулық Тай Тілегенов сыншы, жаңарқалық Мұса сыншы, Сарысу бойында өмір сүрген қалмақ Көбен сыншы, оңтүстік өңірде Мақұлбек Шерімұлы, жетісулық ағайынды сыншылар Олжабай мен Бектібай, қытай-моңғол елдерінде өмір сүріп жатқан қазақтар арасынан шыққан Күңгейбай, Қалқабай, Түркістан сияқты сыншылардың артында қалдырған мұралары баршылық.

Ал атбегілік өнердің екінші бір қыры – ат баптау ісімен ел арасына таны­мал болған атбегілер – керекулік Бежу, жетісулық Бақай, сіргелі Меңдеке, сағыз­дық Тіней Талпақ, Үстіртте өмір сүр­ген Мықырбай атбегі, осылардың ізін жал­ғап Кеңес Одағы кезінде атбегілікпен айна­лыс­қан атақты «Құланқара», «Бұланқара» атты сәйгүліктер мен «Желмая» атты жорғаны баптаған Бошай Кітапбаевтың тәжірибесі өз алдына бір төбе.

Қазіргі таңда атамұрамызды ұрпақ жалғастырып дамытып келе жатқан ат бапкерлері – созақтық Файзолла Ормызов, тараздық Нұрдәулет Әлібек­ұлы, жетісулық Нәркен Қалибек, ағадыр­лық Жолдыбай Кенжеғұлов, алтайлық Еркін Темірбайұлы, моңғолиялық Қадыл Айдаубайұлы сынды тұлғалар бар.

Атбегілік өнер тек қазақ халқына ғана тән деу – артық айтқандық. Бұл мұра қыр­ғыз, моңғол, алтай, хақас сияқты көш­пелілерге де ортақ дүние. Бұлардың атбегі­лік өнерлерінде аса айырмашылық жоқ.

Ат баптаудың екі түрі бар. Олар:

  1. Бабы қанған жүйрік
  2. Жүйрікті қырлау

Махамбет Өтемісұлы «Арғымақ, сені сақтадым» атты өлең шумақтарында:

«Арғымақ, сені сақтадым,

Құлағың сенің серек деп.

Азамат, сені сақтадым,

Бір күніме керек деп.

Жабыдан туған жаман ат,

Шаба алмайды бөжектеп.

Қырдан қиқу төгілсе,

Еділге таман үңілсе,

Арғымақтың баласы

Шабушы еді безектеп.

Жақсы менен дос болсаң,

Айрылмас күні қос болсаң,

Басыңа қиын іс түссе,

Алдыңнан шығар өбектеп,

Жаныңа не керек деп.

Жаман менен дос болсаң,

Айрылмас күні қос болсаң,

Басыңа қиын іс түссе,

Басқа кетер бөлек деп.

Қолдан берер есептеп,

Сыртыңнан жүрер өсектеп.

Ат – жігіттің майданы,

Қылыш – жанның дәрмені,

Өлім – хақтың пәрмені.

Атақты ермен бірге өлсе,

Жігіттің болмас арманы.

Өте шыққан қызыл гүл,

Бұ дүниенің жалғаны», - деп жырлаған.

Сөзімнің қортындысын қазақта «Бабы келмеген жүйріктің бағы байланады», - деген нақыл сөзбен түйіндейін.

Тулегенов Нурлыбек

Жамбыл облысы Байзақ ауданы

Үшбұлақ ауылы «Үшбұлақ» мешітінің имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: