Айлакерлік бізден емес

Айлакерлік бізден емес

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ислам дініміз – айлакерліктің қай түрінен болмасын тыйяды. Мейлі ол, сауда-саттықта болсын, мейлі алып-сатарлықта болсын, мейлі интернет алаяқтық болсын - адамдар арасындағы қарым-қатынастардың бәрінде айлакерлік пен алаяқтық арам іс. Дінде мұсылман адамның барлық ісінде шыншыл болуы міндеттеледі. Дінде турашыл болу – барлық дүниелік пайдадан қымбат. Пайғамбарымыз (ғалейһиссаләту уә сәлләм) бір сөзінде былай деп айтады: «Екі адамның саудасы сол жерден айырылысқанша еріктерінде (келісімді бұза алады).  Егер екеуі де шынын айтып, (кемсін тұстарын) ашық-анық баяндап берсе, ол екеуінің  саудалары берекелі болады. Ал екеуі жалған айтып, (тауардың ақауын) жасырып қалса, онда саудаларының берекесі жойылады»,- дейді. Тағы бір сөзінде Алла елшісі (с.а.у.) былай деген: «Тауарындағы ақау тұсын айтпай сатуы - ешкімге адал емес. Және кемсін тұсын білген адам үшін оны айтпауы да адал емес»,- деген.  

Бір күні Алла елшісі (с.а.у.) астық сатып тұрған ер адамның жанынан өтіп бара жатады. Астығын ұнатып, қолын (астықтың) ішіне сұғып жіберіп, дымқылдықты сезеді. Сосын сатушыға қарап:

- Уа, астық иесі! Мынауың не? – дейді.

- Жаңбыр тиген еді, - деп жауап қайырады сатушы.

- Олай болса, адамдар көрсін деп, неге ол жерін астықтың үстіңгі жағына қоймайсың? – дейді де, артынан: «Кім бізге айлакерлік жасаса, ол бізден емес» - деп ескертеді. Тағы бірде өзінің астығын мақтап тұрған сатушыға келіп, астыққа қолын салып көреді. Сөйтсе, арасында жаманы бар екен. Сонда Алла елшісі (с.а.у.) оған: «Мынаны өзіне сай бағада сат. Ананы болса, өзіне сай бағада сат. Кім бізге айлакерлік жасаса, ол бізден емес» дейді.

Алдыңғы буын сәләф мұсылмандары саудаларында адал еді. Олар тауарларының айыбы болса, ашық айтатын, жасырмайтын. Олар шын айтайтын, өтірікке жоламайтын. Олар адалдықты ту етті, айлакерліктен жиренді. Оған бір мысал айтсақ, Ибн Сирин деген табиғин ғалым (рахимаһуллаһ) бір қой сатады. Алушы келгенде, ибн Сирин алушыға: «Бұл қойда саған айтуым керек болған бір кемшілік бар. Бұл қой - жем-шөбін аяғымен (таптап) араластырады» - деді. Хасан ибн Салих деген кісі, құл иеленушілік заманда, бір күңді алушыға сатып тұрып: «Ол бір кезінде біздің қасымызда қан түкірген еді» деп ондағы кемшілікті білдірген екен. Бір мәрте ғана орын алса да, мүмін адам затындағы айыпты айтпай, оның көңілі орнықпайды. Құнының кему қауіпі болса да, мүмін тауарының айыбын айтпай қоймайды.

Ержан АМАНБАЕВ

Тараз қалалық орталық «Әулие ата» мешітінің бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: