Уақып деген не?

Уақып деген не?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

     Бүкіл әлемді жоқтан бар қылған, біздерді иманның қуанышына бөлеген Жаратушы Алла Тағалаға сансыз мадақ-мақтаулар болсын!

    Адамзаттың қараңғылықтан жарыққа шығуына себепші болған, екі дүниенің сардары – Мұхаммедке Алланың сәлемі мен салауаты болсын!

     Асыл дініміз Исламда садақа жасау ұлы құлшылықтардың бірі. Сол қайырымдылық  атаулының бірі уақып деп аталады. Тілдік тұрғыда «уақып» сөзі ұстау, тоқтату, кедергі болу деген мағыналарды білідіреді. Шариғатымызда белгілі бір мүлікті (жарамсыз болып қалғанға дейін) үздіксіз қайырымдылық жолында пайдалануды уақып деп атаймыз.

    Қарапайым садақа мен уақыптың айырмашылығы,  садақаны тек берген кезде сауап жазылса, уақып жасалған кезден сол зат жоқ болғанға дейін сауап жазыла береді. Егер адам дүниеден өтіп кеткен болса да, уақып қылып жасаған садақаға сауап жазыла береді.

    Ғалымдардың көпшілігінің пікірлері бойынша уақып мәндуп амал болып есептеледі. Яғни, шариғат бойынша істелуі ұнамды болған және Аллаға жақындататын іс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 267 аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا أَنفِقُوا مِن طَيِّبَاتِ مَا كَسَبْتُمْ وَمِمَّا أَخْرَجْنَا لَكُم مِّنَ الْأَرْضِ ۖ

«Уа, иман келтіргендер! Маңдай терлеріңмен тапқан малдарыңды және біздің сендер үшін жерден шығарғандарымызды Алла жолында сарп етіңдер!» – деп айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

«Егер адам баласы бұл өмірден өтсе, бүкіл амалдары тоқтайды. Тек үш жағдайда ғана амал дәптері жазыла береді: жалғасып тұратын садақа, пайдаға асқан ілім және дұға жасайтын салиқалы ұрпақ», - деген (имам  Мүслим).

Осы хадистегі «жалғасып тұратын садақа» уақып туралы екендігін түсінуге болады.

Асыл дінімізді қадірлеп, дәстүрін ардақтай білген ата-бабаларымыз да уақып қадірін жақсы түсіне білген. Бұған мысал, Бейбарыс бабамыздың Мысыр елінде салған мешіті. Құнанбай қажы бабамыз Меккеге қажылық жасауға барған қасиетті сапарында «Тақия» атты қонақ үй тұрғызып, уақып жасаған. Осы секілді ата-бабаларымыздың біз білмейтін қаншама садақалары бар.

      Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында мұсылмандар ауыз су таппай қиналған кезі болатын. Олар сол кезде Рума құдығынан басқа ішер су таба алмады. Бұл құдық бір яһудидікі болатын. Ол қара судың өзін мұсылмандар үшін өте қымбат бағаға сататын. Бұл жағдай ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанына қатты батты. Сахабалармен бірге отырған бір сәтте Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рума құдығын кім сатып алса, Жәннатта да оның осыған ұқсас құдығы болатынын айтты. Мұны естіген Осман бірден, сол яһудиді тауып алып, құдықты сатып алғысы келетінін айтады. Яһуди құдықты толық сатуға көнбей, өте қымбат бағаға оның жартысын ғана сатады. Осман қуаныштан төбесі көкке жетіп, ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп, құдықтың жартысын сатып алып, мұсылмандарға бағыштағандығын жеткізеді. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Османның бұл әрекетін мақтап, оған ыстық ілтипат білдіреді. Осылайша, құдықтан бір күн су алу құқығы хазіреті Османдікі, ал екінші күні яһудидікі болып бөлінеді. Хазіреті Осман өз күнін халыққа бергендіктен, халық Османға тиесілі күні жаппай жеткілікті дәрежеде құдықтан су алып алатын болғандықтан, яһудиге тиесілі күнде ешкім су алуға бармайтын болады. Шарасыз күйге түскен яһуди осылайша құдықтың қалған жартысын да арзан бағаға сатуға мәжбүр болып, Хазіреті Осман (Алла оған разы болсын) құдықты толығымен халыққа садақа етіп береді. Осылайша мұсылмандарға уақып еткен хазіреті Османның бұл құдығы ғасырдан ғасырға жалғасып, бірнеше ұрпаққа өз қызметін көрсетеді.

    Осы секілді сахабалрдың қылған көптеген уақыптары тарихта белгілі. Біз де сахабалардың және ата-бабаларымыздың қылған жақсылықтарындай істерді жалғасытыруға тырысуымыз қажет.

     Асыл дініміз өзгелерге көмектесуге, адамдардға жәрдемші болуға үндейді. Уақыптың адамның жеке басына, қоғамның дамуына тигізер пайдасы өте үлкен. Сондықтан шамамыз жеткенше жария садақа жасап, құлшылықтарымызды арттырайық.

Алла Тағала баршамызды қоғамға пайда тигізетін істер атқаруымызды нәсіп етсін!

 

  Сабит Әбікеев

Мынарал ауылдық мешіті

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: