БАЙНАЗАРҰЛЫ ҚАЛМҰРАТ БАБА КІМ?

БАЙНАЗАРҰЛЫ ҚАЛМҰРАТ БАБА КІМ?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

         Қалмұрат Байназарұлы 1877 жылы Жамбыл облысы Байзақ ауданы Көкбастау ауылында орта шаруа қожалығында дүниеге келді. Бала кезінде ауыл молдасынан тәлім алып, имандылыққа бет бұрады. Оқуын Тараз қаласында орналасқан «Әбдіқадыр» мешітінің жанындағы медреседе оқуын жалғастырады.

         Қалмұрат бабаның балалық шағы қазіргі Сарыкемер ауылында орналасқан «Қарлығаш» лагері мен ақ көше ортасында өтті. Бұл ақ көше Қалмұрат бабаның қыстауы болған. Қалмұрат баба қыста қыстауда болып жазда Көкбастау ауылындағы жайлауға көшкен.

         1930-1940 жылдары аралығында өзімен бірге Аюбай, Аманқозы, Жылысбай, Ұзақбай, Қалмағамбет, Құрманбай, Өксіпбай, Тәттіқұл, Базарбай, Саққұл, Әліпбай, Мырзаш, Ақайдар және Қалдар мен өзінің інісі Оразымбетті алып Көкбастау ауылына түптілікті қоныс аударған.

         Қалмұрат баба 1930 жылдан бастап хаықтың руханиятын дамыту мақсатында ауыл жастарына тәлімі мол сөздерін айтып діни тұрғыдан сауаттарын ашып, бар білгенін аямай үйрете білген жан. Қалмұрат баба рухани тәрбие мен қатар халқына қалтқысыз қызмет жасап, Тараз қаласында орналасқан «Әулие ата» мешітінде жұма намаздарын жүргізіп, Сухамбай Түймекент және Көкбастау ауылдарында молдалық қызметін қоса атқарып, халықтың мұң-мұқтаждығын өтеп отырды.

         Қалмұрат баба түсіне кірген аян арқылы қандай да бір істің болатынын алдын ала білетін қабілеті бар болған. Бұған байланысты мына бір оқиғаны келтіруге болады:

         Бірде Қалмұрат баба Сухамбай ауылына жаназа намазына кеткен уақытында баласы Оспан қайтыс болады. Осы хабарды естіртпей ол кісіні ауылға алып келеміз деген ауылдастары Сухамбай ауылына барады. Есіктен кірген уақытта Қалмұрат баба: «Қаңдай жаман хабармен келдіндер?»,- деп сұрайды. Сол уақытта ауылдастары ешқандай жаман хабармен келген жоқпыз дегенде, Қалмұрат баба: «Өтірік айтпандар! Оразымбет келіп Оспанның мойнына жіп салып алып кетті, Оспан қайтыс болды», - дейді. Бұған хабар жеткізуші ауылдастары таң қалғандықтарын жасыра алмайды.

         Совет уағында молдаларды қудалаған заманда Қалмұрат баба түрмеге отырады. Сол кезде Қалмұрат баба уақытының көбісін Алланың сөзі Құранды оқып, құлшылықтарын жасап отырған. Күндердің бір күні қасында отырған Құтан деген кісі: «Қалеке, бүгін аш қалатын болдыққой», - дегенде Қалмұрат баба: «Сабыр ет. Алла жазса, аш қалмайсындар», - дейтін. Сол күні түрмеге тамақ келіп, барлығы тоя жеген екен. Қалекеңнің артынан көп ас-ауқат келетін. Сол кісінің арқасында қиналмадық, деді. Және де қай уақытта түрмеден шығатындарын да болжап айтқан. Қалмұрат бабаның айтқандары дәл келіп, бостандыққа шығады.

         Қалмұрат баба ел арасында қарапайым әрі қиналғандарға қашан да көмек қолын созып жүретін, жетім мен жесірге демеу бола білген жомарт жан болатын. Халық Қалмұрат бабаны өте таза, әдемі киінгенді ұнататын деп жақсы қасиеттерін әлі күнге дейін айтып жүреді.

         Қалмұрат бабадан екі ұл және екі қыз тарайды. Үлкен ұлы Оспаннан бір немере, төрт шөбере, он бес шөпшек көрген. Екінші ұлы Әлжаннан тоғыз немере, жиырма жеті шөбере, он алты шөпшек. Інісі Оразымбеттен бір ұл үш қыз қалған.

         Жоғарыдағы мағлұматтар марқұмның ұлы Әлжаннан туған немересі Рая апаның еске алуы бойынша жинақталды. Рая апаның айтуынша Қалмұрат баба жұма намазын оқуға Әулие ата мешітіне баратын. Мешіт сыртында ауылдан келген жас студенттер Қалмұрат бабаны күтіп тұратын. Себебі, ауылдан келген жастарға Қалмұрат баба жұма сайын азынаулақ тиын үйлестіретін болған.

         Рая апа тоғызыншы сыныпқа дейін атасының қасында жатып, жанынан бір елі ажырамай өскен екен. Бірде кешке сұранғанымда атам: «Мына қыз бой жетіп қалыпты ғой», - деп қасына жатқызбай қойған. Атасы қайтыс болатын күні немере қызы Рая үйге келіп, төсек тартып жатқан атасын көріп, жылайды. Қалмұрат ата «жылама», дегендей ымдап, немересін құшақтап, маңдайынан иіскейді. Көп уақыт өтпей, Рая көпшілікпен бірге басқа бөлмеде отырғанда атаның жаны үзіледі.

         Қалмұрат баба 1973 жылы 96 жасына қараған шақта дүние салды. Қалмұрат бабаның тұрған үйі сол қалпында сақталған және ол кісінің есімі Көкбастау ауылында орналасқан жаңа мешітке берілді.   

Мамбетназаров Туребай Утгелбаевич

Жамбыл облысы Байзақ ауданы 

Көкбастау ауылы «Қалмұрат баба» мешітінің имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: