Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы «Байзақ баба» мешітінде V аймақ имамдарына «Дін мен дәстүр жолын ұстану – ата-баба салты» тақырыбында дәріс оқыды.
Семинарда Қанат Әділханұлы: ««Дін Ислам – діңгегім» деп келген қазақ халқы өз тарихында не көрмеді дейсіз?! Бәрінен де ең қиын болғаны ол – қызыл империяның солақай саясатының самалы соғып тұрған уақыт еді. Ол саясат отар болған елдердің тілін, ділін, мәдениетін, дінін жойғысы келді, жоя білді де. Тілімізді тұншықтырып, санамызды улағанымен, Алланың қалауымен дінімізді санамыздан өшіре алмады. Бұл – кие. Сондай идеологиялық жойқын саясатта дініміз бүгінгі күнге қалай жетті дейсіз? Әрине, ең алдымен, Алланың қалауымен. Екінші, діннің сақталып қалуының бірден-бір себепкері ол – дәстүр! Бұған ешкімнің таласы жоқ шығар.
Осы дәстүр арқылы біз өзімізге имандылықты, мейірімділікті, ыждаһаттылықты, жалпылай алғанда тұтастай Исламды сіңіре білдік. Қалай дейсіз бе? Жас кезімде ауылға барғанда әже-аталарымыз: «Балам, олай істеме, жаман болады! Нанның қоқымын шашпа, обал болады, етек-жеңіңді қымта, ұят болады», – деп тыйып жатқанын естуші едік. Әсілінде, бұл тыйымдардың бәрі бекер емес екенін уақыт өте келе аңғардық. Кеңес заманында, дінді жоққа шығарған уақытта, аталарымыз діндегі мәкрух, харам, мұстахаб, сүннет, уажіп, парыз амалдарын тікелей айтпай, оны жаман болады немесе осыны істесең, жақсы боласың деп ым-ишарамен ғана нұсқаған екен», - деді.