Жамбыл облысы Байзақ ауданы Түймекент спорт мектебінің тәрбиеленушілері және бапкерлеріне Көкөзек ауылдық «Жантай ата» мешітінің имамы Бекжан Майданбекұлы мен Диқан ауылдық «Диқан» мешітінің имамы Алашбаев Досмырза «Жастар және дін мен дәстүр» тақырыбында насихаттын айтты.
Бекжан Майданбекұлы: Қай заманда, қай қоғамда болсын, жастар тәрбиесі ең маңызды рөл атқарған. Себебі, ұлттың бүгіні де, болашағы да, рухани құндылықтарға сусындаған тәрбиелі ұрпаққа байланысты. Қазіргі жас ұрпаққа рухани тәрбие беру – заманның өткір талабы, бұл – ақиқат. Жалпы, адамгершiлiк тәрбие дегеніміз – қоғамның әрбір мүшесін үнемi толғандырып отыратын күрделi мәселе. Осы тұрғыда жастардың мінезқұлқына, ой-өрісінің кемелденуіне, дене және ақыл-ой қабілетін дамытуға, оларды еңбекке баулуға ерекше мән беруге тиіспіз, – деді.
Алашбаев Досмырза: Әрбір халықтың өзіне тән ұлттық дәстүрі, тәрбие бастаулары бар. Яғни, ұлттық коды бар деген сөз. Сол ұлттық салт-дәстүріміз тәрбиемен біте қайнасқан. Соны таза күйінде ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – үлкен міндет. Егер осы алтын қазыналарымызды, адамгершілікке негізделген мәдениетімізді атадан балаға мұра ететін болсақ, жастарымыздың келешегінен зор үміт күтеміз. Әр адамды жеке тұлға деп қарайтын болсақ, адамгершілік – оның жоғары, саналы әрі адамдық қасиеті, - деп жиынды түйіндеді.