Тұрар Рысқұлов аудандық «Сұлтан» орталық мешітінің бас имамы Сұлтаншәріп қажы Джадраевтың ұйымдастыруымен «Шынайы бақыт – исламда» атты рухани іс-шара өтті. Рухани кешке «Сұлтан» мешітінің әйел-қыздар жамағаты қатысып, рухани білімнен сусындап қайтты. Іс-шараға арнайы ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Әйел-қыздар секторының өкілі Жазира Иманалиева мен облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің ұстазы Жібек Қолағұлова келіп, тақырып төңірегінде және ерге бойұсыну, әдеп-ахлақ жайында уағыз-насихат айтты. Жалпы рухани кешке 180-ге жуық әйел-қыздар қатысты.
Уағыз-насихат барысында: «Басқа түскен барлық ауыртпалықтарға, қиындықтарға сабыр етіп, байсалдылық таныту шынайы иманның белгісі. Қолдағы барға қанағат ету де бақыт. Дененің сау болуы да бақыт. Әрбір адамның бақытқа берер өз анықтамасы бар. Бақытқа бастар бағыт біреу ғана, бұл: Жүректің тыныштығы, айналамыздағы адамдардың бақытты болуы. Бұл бір есепте адам үшін - өзіңді қоршаған ортаның бақытты болуы біздің де бақытымыз. Бұл утопия сияқты көрінгенімен, отбасылық жағдайға қарасақ мұның шындық екеніне көзіміз анық жетеді», - деген сөздер де айтылды.
Қуаныш Тузелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі