Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің бас имамы Азамат Берікұлының ұйымдастыруымен мешіт асханасында Меркі ауданына қарасты әйел-қыздар жамағаты дастархан басында бас қосты.
Іс-шараның басты мақсаты - әйел-қыздар жамағатының рухани білімдерін арттырып, қоғамда болып жатқан кейбір мәселелердің алдын алу.
Іс-шараны Меркі ауданының бас имамы Азамат Берікұлы ашып беріп, сөз кезегін жиынға арнайы іс-сапармен келген ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Әйел-қыздар секторының жетекшісі, "Һибатулла Тарази" мешітінің ұстазы Жазира Иманалиеваға табыстады.
Жиында ақ дастархан жайылып, Жазира ұстаздың «Салиқалы әйелдің сипаты» тақырыбында уағыз-насихаты болды. Шараға келген апалар да өз өнегелерімен бөлісіп, көркем әңгіме өрбітті. Облыстан келген ұстазға алғыстарын білдіріп, ақ жаулықты аналар батасын берді. Үй іші, ошақ қасынан шықпайтын нәзік жандылар имандасып, жиналып тұруға, мұсылман әйелдерінің тату ұжымы болуға уағдаласты. Одан өзге, шара соңында әйел-қыздар жамағаты көкейлерінде жүрген көкейкесті сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды.
Іс-шараға тәнті болған апалар мен әйел-қыздар жамағаты, Жазира ұстазға өтініш жасап, Меркі өңіріне қайта қонақ болып келуіне ұсыныс жасады.
Меркі ауданы әйел-қыздар жамағаты бас имамның бұл ісіне разы болып, осындай игі істің алдағы уақытта да ұйымдастырылуын өтінді.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі