Тараз қаласына қарасты Казарма елді мекенінде мешіт болмағандықтан тұрғындарының бір мешіт салынса екен, сол мешітте құлшылық жасасақ екен деген армандары бар еді. Көптің тілегі қабыл болып, күмбезі көкпен таласқан, көлемі 500 шаршы метр шығатын, ресми «Әс-Сәләм» деп аталатын зәулім мешіт есігін ресми түрде жамағатқа айқара ашты.
Мешіттің ашылу салтанатына қаланың бас мешіті болып табылатын «Әулие ата» мешітінің бас имамы Орынбасар Орымбайұлы бастаған бір топ имамдар мен қала мешіттерінен жамағаттар арнайы барып, қатысты. Мешітті салтанатты түрде ашып берген қаланың бас имамы Орынбасар Орымбайұлы Жұма намазының алдында жамағатқа Жұма уағызын айтып мешіттің салынуына демеушілік еткен азаматты жамағатқа таныстырып, оған шексіз алғыс білдіріп, Жұма намазын өзі жүргізді. Жұма намазынан кейін Мешіттің ашылу шарасына келген жандарға арнап мешіт ауласында жайылған дастархан басында имам демеушінің отбасынан дүниеден озған марқұм жандардың рухтарына Құран бағыштап, дұға жасады.
Мешіт құрылысына Файсал әл-Ажами атты араб кәсіпкер жігіт демеушілік етті. Мешітке дүниеден озған туған ағасы Нәдир әл-Ажами марқұмның атын берді.
Ембергенов Амангелді
Қалалық «Әулие ата» мешітінің баспасөз қызметі