Ислам діні Алладан түскен ақиқат дін болғандықтан, Алланың әмірі бойынша адамдар өзге адамдарға сөзімен, ісімен, қолымен де зиян тигізуге тиым салынған. Тіпті жан – жануарлар мен табиғаттардыда аялап, оларды қорғау адамдарға бұйырылған. Алла жаратқан барша жаратылыстарға құрметпен қарау дініміздің негізгі ұстанымдарынан.
Ибн Омардан (р.а ): «Бір әйел мысықтың себебінен азапқа душар болды. Ол әйел мысықты қамап, оған тамақ пен су бермей, тіпті жерде жүрген жәндіктерді жегізбей өлтіргені үшін тозаққа кірді». – деп Алла елшісінің сөзін жеткізеді.
Расулуллаһ (с.а.с.) бір есектің тұмсығы таңбаланғанын көріп, оны ұнатпады. Сонда Ибн Аббас (р.а.): «Алла Тағаламен ант етемін! Мен таңбаны есектің тұмсығынан ең алыс жерінен басамын» - деп таңбаны есегінін жанбасынан басуды бұйырды. Ибн Аббас (р.а.) таңбаны жануардың жанбасына басқан ең бірінші адам болды. Демек жануарға белгі ретінде таңба басу қажеттілігі туындаған жағдайда, жануардың жанбасына ғана таңба басылады.
Жануарларды отпен азаптаудыда дініміз қатаң түрде тияды. Бұл жайында Алла елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Отпен азаптау тек Алла Тағаланың иелігінде (Күнәхарларды отпен азаптау)».
Жазықсыз жануарларды азаптау күнә болғандықтан күнә атаулының бәрі Алланың құзырында сұралатыны белгілі. Жануарларды азаптаудан гөрі оларды бағып–қағып, көмек көрсетуге асыққанымыз абзалырақ. Бір күнәхар әйел құдықтың жанында шөлдеп тұрған итке құдықтың ішіне түсіп етігімен су алып шығып әлгі иттің шөлін қандырғаны үшін жәннәтқа кіріпті деген хабар бар. Сол себепті өзімізді және ұрпағымызды мейірімділікке тәрбиелейік.
Рысбай Асылбекұлы
Мойынқұм ауданының бас имамы