Барша мұсылман үмбетінің үлкен екі мейрамы болса, соның бірі ораза айт. Айт мерекесінің тойлануы Құран аяттарымен келмесе де, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадис шәрифтерінде былай келтіріледі:
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинаға көшіп келгенде, жергілікті халықтың мейрамдап, көңіл көтеріп жатқанын көріп: «Бұл қандай мереке?» деп сұрағанда: «Бұл біздің Исламға дейін тойлап келе жатқан мерекеміз», деген жауап естіді. Сонда Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла сіздерге бұдан да ұлы екі мейрам берді. Олар Рамазан және Құрбан айттары» деді.
Рамазанның ыстығы мен шөліне шыдаған мұсылман қауым үшін бұл мейрам Алладан берілген үлкен сый. Айтты тойлап, мейрам қылу керектігі соншалық, шариғатымыз бұл күні ораза ұстап қызықтан, тәттіден тыйылып қалуға рұқсат бермейді. Тіптен, айт намазына бір көшемен барып, қайтарда басқа көшемен тойлатып қайтуды жөн көрген.
Бұл мерекенің тағы бір атауы “Пітір мейрамы”. Себебі, бұл мейрамда жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі отбасыларға пітір садақасы таратылып, Алла ол кісілерді қуанышқа бөлейді.
Биылғы Ораза айт мейрамының басталуы мамыр айының екінші жұлдызына сай келіп тұр.
Байды да, кедейді де түгел қуанышқа бөлейтін осынау мерекеде құр жатпай, ағайын туысты зиярат етіп, көңілді, сауапқа толы етіп өткізуімізді Алла баршамызға нәсіп етсін!
Орынбасар Дәуренбеков
Тараз қалалық «Әулие Ата» мешітінің бас имамы