Айлардың сұлтаны - Рамазан айы болса, сол Рамазан айының ең құнды, ең қасиетті түні - Қадір түні. Кейбір риуаяттарға қарағанда Қадір түні Рамазан айының 27-ші түні дегенмен Қадір түнінің дәл қай түн екені нақты белгісіз. Бірақ Пайғамбарымыздың (с.а.с.) хадис шәріптері Қадір түні Рамазан айының соңғы он күнінің біріне және тақ түндеріне сәйкес келетіндігін нұсқаған. Ислам ғалымдарының көзқарастары бойынша, бұл түн Рамазан айының тақ түндеріне, әсіресе, 27-ші түніне сәйкес келеді.
Осы орайда, Меркі ауданы орталық «Меркі ата» мешітінде және де ауданға қарасты барлық мешіттерде Қадір түні күтіліп, жамағат арасын нығайтатын түрлі іс-шаралар ұйымдастырылды.
Атап айтсақ, Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінде 250 адам ауызашар дастарханынан дәм татып, 500-ге тарта жамағат таң рауандап атқанға дейін қасиетті Қадір түнін күтті.
Аудан бас имамы Азамат Берікұлы, ең алдымен, мың айдан қайырлы, Құран түскен Қадір түнінің сауабынан үміт етіп мешітке келген жамағатқа бұл түннің қадір-қасиетіне тоқталып өтті.
Артынан Тарауық намазы оқылып, Құран хатымы аяқталды. Мешіт қызметкерлері тәлімді уағыздарын айтты.
Арасында жамағаттың діни сауатын көтеретін түрлі викторыналық сұрақтар қойылып, белсенділік танытқандарға сыйлықтар берілді.
Рамазан бойы мешіт жамағаттарының қатысуымен Орталық мешітте өтіп келген «Алланың 99 көркем есімдері» атты марафон мәресіне жетіп, жеңімпаздар марапатталды.
Құран Алланың сөзі. Жамағат арасында Құранға деген сүйіспеншілік арттыру мақсатында Құранна жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздарға түрлі сыйлықтар табысталды.
Таң ата 200 адамға сәресі беріліп, соңғы дұғада өкіл имам Қадір түні жасаған амалдарымыз бен ниеттерімізді, тілектерімізді Алла Тағала қабыл етсін деп дұға етіп, ел-жұртымыздың амандығы мен тыныштығын сұрады.
Ауданға қарасты барлық мешіттерде халықтың игілігі үшін осындай түрлі іс шаралар ұйымдастырылды. Ауданға қарасты мешіттерде күтілген биылғы Қадір түні осындай ерекшеліктерімен есте қалды.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі