Қадір түні – Рамазан айының ішіне жасырылған ең абзал, мың айдан да артық, күнәлар кешірілетін, дұғалар қабыл болатын түн. Құран Кәрім осы түні түсе бастаған. Бұл түні құлшылыққа ерекше мән беріледі. Алланы көп еске алып, жасалған күнәлар үшін кешірім сұралады. Көпшілік мұсылмандар аят пен хадистердегі кейбір меңзеп айтылған сөздерге байланысты Қадір түнін Рамазан айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түнінде деп есептейді.
Пайғамбар (оған Алланың салауаты менсәлемі болсын): «Кімде-кім Қадір түнін шынайы иманмен (артықшылығына сеніп), Алла Тағаладан сауап үміт етіп, құлшылықпен өткізсе, оның ілгері өткен күнәлары кешіріледі» - деген еді (Бұхари мен Муслим).
Қадір түні қарсаңында Жуалы ауданы, Б.Момышұлы ауылдық аудандық «Толымбай тегі Зиябек» мешітінде 1990 жылғы мектеп бітірген түлектер мешіт жамағаттары ауызашарға келуші көлшілікке ауызашар дастарханын жайды. Асқа бата беріліп, құран бағышталды.
Қадір түні кешінде мешітке ниет етіп келген көпшілікке Асхат Аманжолұлы Қадір түнінің артықшылығы және бала тәрбиесі туралы уағыз-насихат жүргізді. Уағыздан кейін марқұмдарға наиб имам Исламбекұлы Алмас құран бағыштады.
Аудан имамының ұйымдастыруымен Құран жарысы, ислам тарихы, құлшылық және еркін тақырып бойынша жамағат арасында жастар мен балалардың қатысуымен жарыс ұйымдастырылды Құран жарысында Әбдірахман оза шапты. Білім сайысына Пайғамбар (с.а.у.) өмірі және 40-парызға дұрыс жауап бергендер қатысты. Одан кейін көпшілік нәпіл намаз, еркін құлшылықтар орындады.
Сәресі уақытына дейін жамағаттар имамға ұйып, тасбих намазы оқылды. Мешітте арнайы сәресі дастарханынан жамағаттар астан кейін ауыз бекітіп, таң намазын оқыды.
Жуалы аудандық баспасөз қызметі