Мұсылман әлемінде қасиетті кештер мен айтулы күндер жетерлік. Соның ішіндегі ең маңыздысы, әрі бірегейі — қасиетті Рамазан айындағы Қадір түні. Айтулы бұл түн биылғы жылы сәуір айының 27-нен 28-не қарған түнге келіп тұр. Қадір түні — адамзаттың ақ пен қараны айыратын түн және де барлық жақсылық атаулының бастау қайнары көзі болып саналатын қасиетті Құран Кәрім аяттары түсе бастаған түн.
Бар мұсылман асыға күткен мың айдан қайырлы қасиетті қадір түні келіп, Тараз шаһарының тұрғындары мешіттерге ағылды. Екі жылдық пандемиядан соң жылына бір рет келетін мың айдан да қайырлы болған Қадір түнін құлшылықпен, жамағатпен қарсы алу үшін еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін «Һибатулла Тарази» мешітіне жиналғаны соншалық, мешіттің іші мен сырты адамдарға лық толды. Адамның көптігінен мешітке сыймағандары сыртта отырып, сексен үш жылға тең сауапты күнді бос өткізіп алмауға тырысты.
Алдымен орталық «Һибатулла Тарази» мешітінде күндіз қайырымдылық шарасы жасалып, кешке ауызашар берілді.
Қадір түнін барынша құлшылыққа толы өткізу үшін орталық мешіт барлық мүмкіндіктерді жасады. Мешітте ерлерге, медреседе әйел кісілерге, үйде қалған жамағат үшін тікелей эфирде Қадір кешіне арнайы бағдарлама ұсынылды. Балаларға арнайы батут құрылса, мешіт ауласына LED экран орнатылып, Youtube хостингінде asyldin.kz арнасында болып жатқан бағдарлама тікелей эфирден көрсетілді. Мешіттің дін мамандары өз кезегімен уағыз айтып, экранның арғы жағындағы жамағатқа насихатын жеткізді.
Ұлтты ұйыстырған ұлық мереке тарауық намазымен басталды. Рамазан бойы тарауық намазында оқылған Құран хатымы аяқталып, дұғасы жасалды. Хатымды Республикалық қарилар сайысының жүлдегері Иманәлі Бейбітұлы оқыды. ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы хатым дұғасын жасап, ел амандығы үшін дұға етті. Құран түскен мүбарак түні үзіліс сайын құран оқылып, еркін құлшылыққа уақыт берілді. Мешіттің наиб имамдары кезекпен уағыз айтты. Сондай-ақ, наиб имамдар Нұрлан Мұрат және Бақытұлы Нұралы жамағатқа мешітте, мешіт ұстазы Жарбол Ақжігіт тікелей эфирде сұрақ-жауап ойынын ойнатып, үздік шыққандарға қасиетті кітаптар, онлайн көрерменге қаржылай сыйлықтар табысталды. ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы Әйел-қыздар секторының өкілі Нұргүл Алиханқызы әйелдер жамағатына дайындаған бағдарламасы бойынша арнайы слайд көрсетіп, уағыз айтып, ойын ойнатып, сұрақтарға жауаптар беріп, құлшылыққа бірге тұрып, арасында тіпті сергіту жаттығуын да жасатты. Жамағатпен тасбих намазы оқылып, көпшілік Алладан жарылқау тіледі.
Сонан соң мешітте қадір түнін өткізуге келген, ауыз бекіткен жұртшылыққа сәресі асы таратылды. Таң қылаң бере жамағатпен бамдат намазы оқылды. Таң рауандап атқанша жалғасқан мешіттегі құлшылыққа ден қойған мұсылман қауымы бұл түні егеменді еліміз бен кең байтақ жеріміздің амандығын тілеп, бейбітшілігіміздің баянды болуын сұрады. Алла барша жанның дұғасын қабыл етсін!
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
«Һибатулла Тарази» мешітінің баспасөз қызметі.