Тұрар Рысқұлов ауданы Әбжаппар ауылдық орта мектебінде «Рамазан – ихсан айы» атты тақырыпта жастармен кездесу болды. Кездесуге Әбжаппар ауылдық «Әбдіжаппар» мешітінің имамы Кикбаев Ғалымжан барып, мектеп оқушыларына Рамазан айындағы ихсан жайында уағыз-насихат жүргізді.
Ғалымжан имам уағызында: "Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде айтылғандай, Ихсан ілімінің құлшылықтағы мәні: «Аллаға Оны көріп тұрғандай құлшылық етуің. Егер Оны көре алмасаң, Ол сені көріп тұрады». Хадиске түсіндірме жазған ғұламаларымыз Ихсан ілімі адамның құлшылығымен қатар оның күнделікті сөзін, іс-әрекетін, қызметін, тіпті бүкіл өмірін қамтитынын айтқан. Ораза құлшылығы мұсылман баласын ихсан дәрежесіне жетуіне көмектеседі. Өйткені ораза – адам мен Алланың арасындағы құпия құлшылық. Мысалы, біздің күнделікті оқып жүрген намазымызды, зекет-садақамызды, қажылық сапарымызды айналамыздағы адамдар көреді. Ал ауыз бекіткенімізді ешкім байқамауы мүмкін. Ораза құлшылығы мұсылманның «бәрін Алла көріп тұр» деген сенімін күшейтеді," - деп кеңінен түсіндіру жұмысын жүргізді.
Қуаныш Тузелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі