Тұрар Рысқұлов ауданы Өрнек ауылдық әкімшілігінде «Ихсан ілімі» бағыты бойынша «Дін – рухани тәрбие негізі» атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Бұл іс-шараға «Өрнек» мешітінің имамы Бекжан Төлепберген арнайы барып қатысып, дін төңірегінде соның ішінде, тақырыпқа сай ой қозғап, сөз сөйледі. Дөңгелек үстелге әртүрлі қызметтегі он шақты адам келіп өз ойларын ортаға салды.
Бекжан имам сөз барысында: "Біздің Қазақстан қоғамы руханилыққа ерекше жақын, ол халықтың дінге деген ықыласынан да көрінеді. Еліміздегі мемлекет құраушы қазақ халқының ата діні ислам екені баршаға белгілі. Мемлекет азаматтары болып табылатын еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің де басым көпшілігі ислам дінін ұстанады. Сондықтан халық үшін маңызды болған нәрсе мемлекет үшін де маңызды. Халқымыз ғасырлар бойы дінді руханилықтың негізі санап келді. Ұлттың рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатты. Ата дініміз – исламдағы адамгершілік, сыйластық, өзара құрмет, келісім, имандылық, білімге құштарлық, еңбекқорлық, отансүйгіштік, т.б. көптеген құндылықтар мен қасиеттер ұлтымыздың болмысында бұрыннан бар мінездермен астасып, рухани құндылықтардың қайталанбас кешенін құраған болатын. Яғни, дін руханияты дәстүрлі құндылықтарға негіз болып қаланды," - деп сөзін тиянақтады.
Қуаныш Тузелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі