Ақылдасып, кеңесіп тұру ардақты Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жеткен сүннет. Сондықтан ортаға ой тастап, білмегенінді сұрап, жұмысқа бағдар алу берекелі іске бастайды.
Жуырда Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт қажы Мырзагелдиев бекіткен жылдық жоспарға сәйкес, өңір имамдары өздеріне тиісті тапсырмаларды алған. Соны орындау мақсатында апта басында Шу ауданы «Төле би» мешітінде қалалық және ауылдық мешіттердің қызметкерлеріне арналған «Ырыс алды ынтымақ» атты семинар-тренинг өткізілді. Аталған жиынға ауданның бас имамы Бахтияр Амантайұлы, аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Айнұр Рахымбаева, «Төле би» мешітінің бас имамы Талғат Кәрібайұлы және қалалық, ауылдық мешіттің қызметкерлері қатысты.
Жалпы жиналыста тақырып бойынша мазмұнды әңгімелер айтылып, осы бағыттағы жұмысты ширата түсу керектігі айтылды. Сонымен қатар белгіленген 7 бағыт бойынша жұмыстарды жандандыру, оны жүзеге асыру туралы Бахтияр Амантайұлы тәптіштеп түсіндірді. Сол сияқты Талғат Кәрібайұлы имам-молдаларға әлеуметтік желінің әлеуетін пайдалану, онлайн және офлайн уағыздарды көбірек айту, маңызы зор шараларды ұйымдастыру, жастармен тығыз жұмыс істеу қажет екенін тілге тиек етті. Мешіттің ішкі, сыртқы тазалығын ұдайы назарда ұстау керектігі осы жиында көтерілді.
Ал, Айнұр Қамшыбайқызы өз кезегінде дін мамандарына кері тартпа ағымдармен екпінді жұмыс жасау,бейнекамералардың үздіксіз істеуін бақылауға алу туралы өтініш айтып, тізе қосып жұмыс істеуге шақырды.
Одан бөлек бұл жиында көптеген мәселелер көтеріліп, сұрақтарға жауап берілді.
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі