Облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінде Жамбыл облысының әйел ұстаздарына арналған семинар өтті. "Балаларға дінді үйрету әдістемесі" тақырыбында жүргізілген жиынға ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзегелдиев қатысты. Ұстаздармен жеке-жеке танысып, білім саласындағы хал-ахуалды сұрасты. Сонымен қатар ұстаздар қауымына ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Әйел-қыздар секторының жаңа жетекшісі Нұргүл Әлиханқызын арнайы таныстырып, бата беріп, семинарды ашып берді.
Сектор жетекшісі бастаған спикерлер "Әулие ата", "Кеңесхан қажы" мешітінің ұстазы Жібек Қолағұлова, Жуалы ауданының ұстазы Жазира Иманалиева дәріс жүргізді. Ұстаздар Жазғы сауат ашу курсының шәкірттеріне, балаларға дінді қай жастан бастап үйрету керек, қанша жаста қай ақпаратты беру керек, балаға оны түсіндіру, жеткізу жолдарын жіліктеп берді.
Ұстаздар өзара пікір алмасып, сұрақтарына жауап алды. Сондай-ақ, тәжірибе жүзіндегі әдістерімен бөлісті. Айта кетейік, аталған білім беру әдістемесін Жазира Иманалиева Түркия мемлекетінде оқып келген болатын.
Семинардан соң ақ дастархан жайылып, ұстаздар бейресми бас қосу өткізді. Түрлі тақырыптарды талқылап, дәм үстінде Алланы еске алды.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі