Орталық "Һибатулла Тарази" мешітінде дінтанушы-психолог Назерке Жаналиеваның ұйымдастыруымен "Келіні жақсының - керегесі кең" атты іс-шара өтті. Қоғамдағы түйіткілді тақырыптардың түйінін тарқатқан жиынның шымылдығын ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев ашып берді. Бас қосуға ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Әйел-қыздар секторының жетекшісі Нұргүл Әлиханқызы, "Әжелер алқасы", мешіт шәкіртері, жамағат, БАҚ өкілдері қатысты.
Жамбыл облысы "Әжелер алқасы" мүшелерінің ұйымдастыруымен ғибратқа толы көрініс көрсетілсе, "Һибатулла Тарази" мешітінің шәкірттері тақырыпқа сай өлең шумақтарын оқыды. Ал дінтанушы-психолог Назерке Жаналиева тақырыптың мазмұнын ашты.
Айналамыздан көріп-естіп жүргеніміздей, екінің бірінің басында «адуынды ене» не болмаса «кесірлі келін» жайлы күрмеуі шешілмей жүрген түйткілдер бар. Негізінде, көшіміздің түзеліп, ұлт болып ұйысуымызда ұрпақ тəрбиесінің маңызы зор. Осы орайда негізгі рөл атқаратын ене мен келіннің өзара қарым-қатынасының дұрыс болғаны жөн-ақ. Өйткені отбасының берекесін кіргізу де, тулақтай тоз-тозын шығару да олардың өз қолдарында. Егер ене мен келіннің керісі өз шешімін таппаса, шаңырағының берекесін қашырып, нәтижесінде отбасындағы жас өскіндердің психологиясына, сонымен қатар тәрбиесіне кері әсерін тигізбей қоймайды. Бұл өз кезегінде, желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпақтың еңсесін түсіріп, олардың жасық, жалтақ болып қалыптасуына, бұрыс жолға бұрылып кетуіне итермелейді. Бұл ұлттық тәрбиеге жасалған қысастық, ауыр соққы екені айтпаса да түсінікті.
Осынған байланысты отбасы берекесі, ене мен келіннің қарым-қатынасын реттеу мақсатында өткен шарада 1 ене, 1 келін кейіпкер болды. Сонымен қатар, кеш барысында бір отбасы өз өмір жолын, қарым-қатынастарын, отбасы құрылу тәртібі мен заңдылығын айтып берді.
Әсерге толы, әрі ішкі-сыртқы мәселенің шешілуіне сабақ, ғибрат боларлық шара үшін әйелдер, қыз-келіншектер ұйымдастырушыларға алғысын айтты.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі