Тұрар Рысқұлов ауданының бас имамы Джадраев Сұлтаншәріп қажы Қарақат ауылдық «Сүлеймен ата» мешітінде жұма намазын өткізді. Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевтің тапсырмасы бойынша аудан бас имамдары ауыл мешіттерін аралап жұма намаздарын өткізуде. Бас имам «Сүлеймен ата» мешітінің жамағатымен кездесіп, «Ынтымақ пен бірлік» тақырыбында уағыз-насихат айтты.
Уағыз барысында Алла Тағала Қасиетті Құранда да қоғам мүшелерінің өзара бірлік пен бейбітшілікте өмір сүрулерін бұйырып: «Жер беті дұрысталғаннан кейін бүлікшілік жасамаңдар», – деп айтқан («Ағраф» сүресі, 56-аят).
Ислам тарихында ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мәдина қаласында бірнеше дін өкілдерінің бейбітшілікте, бірлік пен ынтымақта өмір сүрулері үшін «Мәдина конституциясы» атты құжат қабылдаған. Бұл асыл дініміз Исламда қоғам мүшелері бейберекетсіздікке, жік-жікке бөлінуге жол берулеріне болмайтындығына, олардың өзара бейбітшілікте өмір сүруіне үндейтіндігіне дәлел.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандарды:«Бір-біріңді жек көрмеңдер, бір-біріңе көреалмаушылық қылмаңдар, бір-біріңнен теріс айналмаңдар! Уа, Алланың құлдары! Бір-біріңе бауыр болыңдар! Мұсылманның өз бауырына үш күннен артық ренжуіне рұқсат жоқ», –деп, ынтымақ пен бірлікке шақырған, - деді.
Қуаныш Түзелбеков
Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі