Қауіпсіздік адам баласына ас-судан артық дүние. Қанағат пен кешірім мұсылманның мінездерінен. Асыл дінімізде осының барлығы тайға таңба басқандай етіп жазылған. Соны жиі еске алмасақ, соңғы жағдайдағыдай дүрбелең болары сөзсіз.
Жуырда Шу ауданындағы Төле би ауылында орналасқан М.Әуезов атындағы орта мектебінде білім ошағының басшысы Т.Дүрмановтың ұйымдастыруымен ата-аналар жиналысы болып өтті. Аталған жиналысқа Шу ауданы «Төле би» мешітінің бас имамы Талғат Кәрібайұлы шақырылып, қатысқан болатын.
Жиналыс барысында қаңтар айының 4-6 күндері өткен еліміздегі жаппай тәртіпсіздік туралы әңгіме өрбіп, бейбітшілік, басшыға бағыну, бүліктен аулақ болу тақырыбында уағыз айтылды.
Ата-аналар бас имамға тақырыпқа қатысты көкейдегі көптеген сұрақтарын қойып, оларға тұшымды жауаптар алды. Митинг мәселесі оның шариғаттағы үкімі туралы сауалдарға Талғат Кәрібайұлы толыққанды жауап берді.
Баршамызға біліммен амал етуді нәсіп етіп, бүлікші болудан сақтасын. Алла елімізді аман, жұртымызды тыныш етсін.
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі