Биылғы жылдың басы оңай басталған жоқ. Айналасы екі күн ішінде астаң-кестеңіміз шығып, бүлікшілер елдің шырқын бұзды. Бейбіт шерулер соңы бейберекетсіздікке ұласып көптеген азаматтар Отанды қорғау жолында жан берді. Осыған орай мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 10-қаңтарды аза тұту күні деп жариялап, жарлыққа қол қойды.
Қандай сәтте болмасын қайырымдылық жасалуы тиіс. Осы күні сауабы боздақтарға тисін деген ниетпен бірқатар қайырымдылықтар атқарылды. Атап айтатын болсақ Шу ауданы «Төле би» мешітінің бас имамы Талғат Кәрібайұылның бас болуымен 2 бас қой сойылып, оның еті 10 аз қамтылған отбасыға таратылды. Қиын сәтте көмек қолын созғандарға аталған отбасылар алғыстарын білдіріп жатты.
Сондай-ақ Шу ауданы «Әбу Бәкір ас-Сыдық» мешітінде де имамы Бақыт Базарбайұлы зейнеткерлерге азық-түлік себетін таратты. Сонымен қатар осы аудандағы «Жиенбет Жексенбай» мешітінің имам Шүкірәлі Бердібеков тұрақты табысы жоқ, көпбалалы отбасыға бір кілем сыйлап, көктем келгенде бітпей тұрған баспанасына асарлатып көмек көрсетуге уәде берді.
Шу аудандық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі