Меркі аудандық орталық «Меркі ата» мешіті бірнеше жылдан бері күрделі жөндеуден өтпеген. Осы үстіміздегі жылы мешітті бастан-аяқ күрделі жөндеуден өткізіп, заманауи үлгіге сай мешіт қалпына келтіру жоспарлануда. Бұл игі іске жергілікті билік пен мешітке жанашыр кәсіпкер азаматтарды қолдау көрсетуге шақырамыз.
1993 жылы пайдалануға берілген Меркі аудандық орталық мешіті жиырма жылдан бері аудан тұрғындары мен қонақтарының құрметпен бас сұғып тұратын киелі ордасы, сүйікті құлшылық үйі ретінде қызмет көрсетіп келеді.
Жоспарда мешіттің ішкі бөлмелерін заманауи үлгімен безендіру, шатырын биіктетіп, алыстан көрінетін мұнара салу, сыртқы көрінісін безендіру, мешіт ауласындағы қырлы кеспе тастар (брусчатка) ескіргендіктен, орнына соңғы үлгідегі қырлы кеспе тастар, граниттер төсеп, жаңарту тұр. Сонымен қатар, мешіт ауласының көркіне көрік қосатын жаңа орындықтар, жарық бағаналары, сауда дүңгіршектері пайдалануға берілмек. Әрі аулаға ағаштар мен гүлдер отырғызылып, мешіт қақпалары ауыстырылмақ.
Имам Мүслім (р.а.) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шынында, Алла Тағала көркем, әрі көркемдікті жақсы көреді...», – дегеніндей, мешіт пен мешіт ауласының таза әрі көрікті болуы дініміздің талабы мен әрбір адамның көңіл қалауы.
Сондықтан да, аудан тұрғындары мен қонақтар, мешітіміздің көркеюіне өз үлестеріңізді қосуларыңызды сұраймыз.
Меркі ауданы «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі



08 Қараша 2025
17 Джумада-авваль 1447

