Жамбыл ауданы орталық «Бәйдібек» мешітінде бесін намазына келген мешіт жамағатына ауданның бас имамы Ғайырфулла Қуанышбекұлы «Адал болу – адам болу қағидасы» деген тақырыпта кеңінен уағыз насихат жұмыстарын жүргізді.
Адалдық – адам мінезіндегі бағалы қасиет, жеке тұлғаның сана – сезімі мен ар – ожданына қайшы келмейтін, халықтың мақсат – мүддесін көздейтін іс – әрекет. Әрбір қоғамның адалдық жайында өзіндік пайымы мен түсінігі бар. Қарапайым халық әрқашан да адалдық қасиеттерін кіршіксіз таза ұстауға ұмтылады.
"«Сақалын сатқан кәріден, еңбегін сатқан бала артық» дегендей, адал болу – адамдықтың белгісі. Адалдық адамның жеке басы мен моральдық тұлғасын сипаттайды. Ол туа пайда болмайды. Қоғамның дамуына сәйкес әрбір адамның ананың сүтімен, әкенің қанымен келген өнегелі тәрбиесіне, оқып оны тоқуына, адал еңбекпен мал тапқанында қалыптасады. Адалдық – жеке тұлғаның абыройы мен атағын арттыратын ізгі қасиет. Абайдың «Алдау қоспай, адал еңбегін сатқан, қолы өнерлі қазақтың әулиесі сол» – деуі де адалдыққа толық сипаттама береді. Адамгершілік ұжымдық ортада бойына сіңірген тәрбиесіне, біліміне, адал еңбегіне байланысты қалыптасып, адамның жеке басы мен моральдық тұлғасын сипаттайды. Әрбір адам өз ар-ожданы алдында адал, шыншыл болғанда ғана – адам бойында ізгілік пен адамгершілік қасиеттері қалыптасады. Адалдық – аса қымбат байлық" - деді имам өз сөзінде.
Жамбыл аудандық мешітінің баспасөз қзызметі