Ислам, мұсылман дегенде ойға ең әуелі кешірім, мейірім, жанашырлық деген сипаттар оралары сөзсіз. Ислам дінінің басты принципі мен негізгі мақсатының бірі - өзара мейірімді һәм кешірімді қоғам құру. Ең баста адамзатты жаратып, оларды осынша сансыз нығметтерге бөлеген жаратушы Алла тағала ерекше мейірімді, өте кешірімді екендігі даусыз. Ол жайлы Құранның көптеген аяттарында сөз етілген. Мәселен, Нұх сүресінің 10-аятында былай делінген: «Оларға: «Раббыларыңнан күнәларың үшін кешірім тілеңдер! Өйткені Ол өте кешірімді»,- дедім». Ислам шариғаты бойынша Алла тағала пендесі тарапынан жасалған күнәлардың кешірілмейтіні жоқ болып, шынайы тәубе етілген кез келген күнәні Алла кешіреді. Сол үшін де Алла тағала Өзі жаратқан пенделерінің де өзара кешірімді болғанын қалайды. Мына бір аятта Алла тағала адамдардың өзара бір-біріне қиянат еткен адамға зәбір берместен кешірімді бола білудің ерекше сауапты іс екендігін айтқан:
"فَمَنْ عَفَا وَأَصْلَحَ فَأَجْرُهُ عَلَى اللَّهِ إِنَّهُ لَا يُحِبُّ الظَّالِمِينَ" [الشورى:40]
«...Ал енді кімде-кім (жамандықты) кеше білсе һәм (өзіне қиянат жасаған адаммен) мәмлеге келсе, ондай жанның сауабын Алланың Өзі береді. Шүбәсіз, Ол қиянатшыл залымдарды еш ұнатпайды» (Аш-Шура 40-аят).
Өзінің күнәларының кешірілгенін қалаймайтын мұсылман жоқ шығар. Ал, өзіне кешірім болу үшін әрине, ең әуелі сол адамның өзінен де сол сипат табылған жөн. Бұл жайлы Алла тағала мына аятта былай деп өткен:
"...وَلْيَعْفُوا وَلْيَصْفَحُوا ۗ أَلَا تُحِبُّونَ أَن يَغْفِرَ اللَّهُ لَكُمْ ۗ وَاللَّهُ غَفُورٌ رَّحِيمٌ"
«...Керісінше ғафу етіп, кеңшілік жасасын. Әлде, Алланың өздеріңе кеңшілік жасағанын қаламайсыңдар ма? Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді» (Нұр сүресі, 22-аят). Әбу Һурайра (р.а) жеткізген хадисте пайғамбар (с.ғ.с) былай деген: «Кім (осы дүниеде өзгелерге) мейірімдік танытпаса, оған да (қиямет күні) мейірім танытылмайды»[1]. Шариғат қойған қағида бойынша адам осы дүниеде не ексе соның жемісін көреді.
Кешірімді болу әлсіздік емес, керісінше тек ең мықтылар ғана орындай алатын үлкен іс болып саналады. Себебі, шайтанның азғыруына, нәпсінің намысын қайрауына, ниеті жаман жандардың сөзіне құлақ аспастан өзіне қиянат еткен адамды кешіру үшін үлкен ерлік керек. Міне, ондай адамдарды Алла тағала мына бір аятта «нағыз тақуалар» деп атаған:
"الَّذِينَ يُنْفِقُونَ فِي السَّرَّاءِ وَالضَّرَّاءِ وَالْكَاظِمِينَ الْغَيْظَ وَالْعَافِينَ عَنِ النَّاسِ وَاللَّهُ يُحِبُّ الْمُحْسِنِينَ"
«Нағыз тақуалар – кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында садақа бергендер, (ашу қысқанда) ашуын жеңе білгендер һәм адамдарға кешірімді болғандар. Шүбәсіз, Алла (міне, осындай) ізгі жандарды жақсы көреді» (Али Имран 134-аят). Сондықтан кешірімді жандарды Алла жақсы көреді және басқалардың алдында дәрежесі жоғары болады. Қазақта да «Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік» деген нақыл сөз бар. Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисте Алла елшісі (с.ғ.с) былай деген: «Садақа беру адамның мал-мүлкін еш кемітпейді; Алла тағала кешірімді пенделердің құрметін арттырмай қоймайды; Кім Алла үшін кішіпейілдік танытқан болса, Алла оның дәрежесін міндетті түрде көтереді»[2].
«Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі» дегендей кез келген адам өзіне жасалған жамандықтың қарымын қайтаруға шамасы келеді. Бірақ, сондай жағдайда кешірім жасап «таспен атқанды аспен ата» білу мұсылмандық сипат болары сөзсіз. Алла тағала Құранда былай деген:
"ادْفَعْ بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ فَإِذَا الَّذِي بَيْنَكَ وَبَيْنَهُ عَدَاوَةٌ كَأَنَّهُ وَلِيٌّ حَمِيمٌ " [فصلت: 35]
«Сен жамандықтың қарымын (қолыңнан келген ең керемет) жақсылықпен қайтар. Сонда өзіңе қас дұшпан болған адамның жан досыңа айналғанын көресің» (Фуссиләт 34-аят).
Әрбір мұсылман үшін ерекше үлгі иесі Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) болып табылады. Ал пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзінің үмметіне әрқашан кешірімді болуды сөз жүзінде де, іс жүзінде де өсиет етіп кетті. Себебі, Алла тағала пайғамбарына (с.ғ.с) да кешірімді болып, үлгі көрсетуді талап еткен:
"خُذِ الْعَفْوَ وَأْمُرْ بِالْعُرْفِ وَأَعْرِضْ عَنِ الْجَاهِلِينَ"
«(Уа, Мұхаммед!) Сен сонда да кешірімді бол, жақсылықты бұйыр, сауапты һәм пайдалы істер істе. Ондай надандардан сырт айнал, олардың қылықтары мен сөздерін көңіліңе алма» (Ағраф сүресі 199-аят).
Алла елшісі (с.ғ.с) кезінде өзіне және жанындағы сахабаларына қатты зәбір көрсетіп, олардың өз үйлерін, туып-өскен жердерін тастап, Мәдина қаласына бас сауғалауларына себеп болған Меккелік құрайш мүшіріктеріне көрсеткен кешірімі ерекше бір үлгі болды. Осылайша, Алла елшісі (с.ғ.с) қанша қорлық көрсе де, олардың ешқайсына тиіспей бәрін кешіріп мұсылмандарға ерекше бір кешірім жолын көрсетіп кетті. Сөз соңында Алла елшісінің (с.ғ.с) мына бір оқиғасын айтып өтейік:
Айша анамыздан (р.а.): «Бірде мен Пайғамбарымыздан (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Өміріңізде Ұхұд шайқасынан өткен ауыр күн болды ма?» – деп сұраған едім. Сонда Аллаһ елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деді: «Расында, сенің қауымыңнан (яғни, мүшріктерден) көрмеген қорлығым жоқ. Әсіресе, Ақаба күні солардан көп зәбір көрген едім. Сол күні (Тайфтағы) мүшріктердің алдыңғы қатарлыларының бірі Ибн Абдуялил ибн Абдулкүләлден қолдау көрсетуін өтіндім. Алайда ол маған болысудан бас тартты. Сөйтіп, (олар иман етпегендерімен қоса төбемнен тас жаудырып Тайфтан қуып шыққан соң) мұңға батып келе жатып, есімді жисам, Қарн Сағалиб деп аталатын жерге жетіп қалған екенмін. Басымды көтеріп аспанға қарағанымда, бір бұлттың мені көлеңкелеп тұрғанын байқадым. Анықтап қарағанымда, әлгі бұлттың ішінен Жәбірейіл (ғ.с.) періштені көрдім. Ол маған: Аллаһ тағала қауымыңның саған не деп айтқанын, әрі не істегенін толық естіп білді, сондықтан саған тау періштесін жіберді. Соған қалаған бұйрығыңды беріп (өзіңе қарсы келгендерді жазалай аласың)», – деді. Сол кезде тау періштесі маған сәлем беріп: «Уа, Мұхаммед! Расында, Алла тағала қауымыңның саған не деп айтқанын естіді. Мен таулардың періштесімін. Раббым мені саған жіберді. Қалаған бұйрығыңды бер. Егер қаласаң, олардың төбесіне Ахбашәйнді (Мекке шетіндегі екі тау) көтеріп әкеліп тастай салайын», – деді. Сонда мен: «Жоқ. Бар болғаны Раббымнан олардың ішінен Аллаһтан басқа ешкімге (және еш нәрсеге) құлдық ұрмайтын жаңа нәсіл шығаруын тілеймін», – дедім» (Бұхари, бәдғул-халқ 7; Муслим, жиһад 111)[3].
Көктем етіп көркейтсе де маңайын,
Көріп жүрміз өкпешілдің талайын,
Өшігуді қояйықшы өзгеге,
Кешірімді болайықшы, ағайын! (Серік Қалиев)