Кешірімді болу - шынайы мұсылманның сипаты.

Кешірімді болу - шынайы мұсылманның сипаты.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын!

  «Кешіре білу» екі ғана сөзден тұратын, атқаруға оңай болып көрінгенімен, кешіруге келгенде, адам нәпсісіне өте ауыр келеді. Себебі нәпсіміз жүрегімізге ренжіген адамымызға деген жеккөрініш, ыза мен кек салады. Осы кезде Алланың разылығын ойлап, Оның кешірімін үміт ету, өзгенің қателігін кешіре білу – ұлы іс. Хасан әл-Басри (Алла оны рақымына алсын): «Мүминнің мінезінің ең абзалы - кешірімділік», - деп айтқан. Өкпелеу, ренжу, көңілге алу әркімнің де қолынан келеді. Алайда кешіру – жүрегіне иман ұялаған, Алла Тағаланың кешірімін үміт ететін құлдарға тән қасиет.

Құранда Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға: «Ендеше сен (ел-жұрттың қатесін, қиянатын) көркем  түрде кешір. Шынында Раббың – жаратушы,бәрін білуші» ,- деп айтқан («Хижри» сүресі,85 – 86 аяттар). Көркем түрде кешіру дегеніміз адамның қателігін кешіру, оның айыбын жасыру, тәкаппарлық танытпау, артық сөз айтпау, жек көрмеу деген сөз. Құранның бірнеше аяттарында Алла Тағала өзінің сүйіспеншілігіне бөленген, тақуа құлдарының сипаттарын атап өткен. Сондай тақуа құлдардың бойында болатын сипаттардың бірі де осы кешірімді болу. Ол турасында «Әли-Имран» сүресі, 133–134 – аяттарында: «Раббыларыңның жарылқауы мен кеңдігі жер мен көктей болған жәннатына асығыңдар. (Бұлар) тақуалар үшін әзірленген.  Олар (тақуалар) кеңшілік – ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла жақсылық істеушілерді жақсы көреді», - деп айтылған.

   Али ибн Хусейннің (Алла оны рақымына алсын) күңі болған екен. Бір күні ол Хусейнге дәрет алу үшін су құйып тұрғанында қолынан құмғаны түсіп кетіп, Хусейіннің басына тиіп, жерге түсіп, сынып қалады. Бойын ашу  кернеген Хусейн күңге енді дауыс көтере бергенде әлгі күң бірден Құрандағы: «Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер»,- деген аятты оқиды. Хусейн сол жерде ашуын басып, өзін ұстап ,күңге ләм-мим деп айтпайды. Күң аяттың жалғасын оқып: « Адамдарды кешірім етушілер», - дейді. Хусейн сол жерде: «Кешірдім сені», - дейді. Күң аяттың соңын оқып: «Алла жақсылық істеушілерді жақсы көреді», - дегенде, Хусейн: «Қазірден бастап сені бостандыққа жібердім», - деп күңін азат еткен екен.

 Кешірімділік – Пайғамбарымызға Мұхаммедтің  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өміріндегі негізгі ұстанымдарының бірі еді. Дін жаулары қанша жәбір көрсетсе де, Пайғамбарымыз кешірімділіктің ең кемел үлгісін көрсете білді.

 Қасиетті Құранда: «Кешірімді болып, көңілдеріне алмасын. Сендер Алланың өздеріңді кешіргенін жақсы көрмейсіңдер ме? Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді», - деп бұйырады («Нұр» сүресі, 2 аят).

  Бұл аятта Алла Тағала кешірімділіктің екі түрін баян еткен. Оның біріншісі «Әл-ғафу» қателік жасаған адамды кешіру, екіншісі «Әс-сафаху» кешірумен қатар жүрекке түскен ренішті өшіру дегенді білдіреді. Алла Тағала осылайша жүрегімен кешірген адамға Өзінің кешірімі болатындығын білдіріп: «Сендер Алланың өздеріңді кешіргенін жақсы көрмейсіңдер ме?» - деп айтқан.Құран Кәрімде: « Әрине кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең маңыздысы осы», - деп айтылған ( «Шура» сүресі, 43 – аят).

«Кешірім жасау – кеңдік,кешіре алмау – кемдік» демекші, адамның адамдығы өзге біреудің кемшіліктерін көңілге алмай, кешіре білуінде. «Мүминнің әдебінің ең абзалы – кешірімділік » ( Хасан әл–Басри).

 Пайғамбарымыз ( оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мына үш мінез кімде болса, Алл Тағала сол адамды мейіріммен жәннатқа кіргізеді», - дейді. Сахабалар: «Ол қандай мінез?» - деп сұрағанда, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Саған бермегенге сен  бер, өзіңе келмегенге сен бар, қиянат жасағанды кешір»,- деп жауап береді.

     Қазақ халқындағы « Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Иілген басты қылыш кеспес», «Білмегенді кешірмесең,білгендігіңнен не пайда?», «Жүрек кешірімді, ақыл шешімді болсын» деген мақал – мәтелдер кешірім деген сезімнің дүниедегі көп орынсыз ұрыстың,пәле – жаланың алдын алуға ықпал ететіндігін білдіреді.

   Алла Тағала баршамызды өзгелерге кешіріммен қарайтын, қияметте Жартушымыздың кешіріміне бөленетін құлдарының қатарынан қылғай!

   «Уа, Алла, расында Сен кешірушісің, Жомартсың, Сен кешіргенді жақсы көресің, мені де кешіре гөр!».

 Қатарбай Таджибаев

Жамбыл ауданы, Айша-бибі ауылының имамы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: