Білім алу әрбір мұсылман баласына парыз

Білім алу әрбір мұсылман баласына парыз

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Білім – ақ пен қараны ажырататын, адам баласының көзін ашатын Алла Тағаланың адам баласына берген үлкен сыйы. Білім – ақыл мен парасаттың белгісі. Ислам дінінің адамзат баласына қоятын ең басты талабы білім алу және іздену. Расында, Қасиетті Құранның алғашқы түскен аяты білім алуға шақырады.

Алла Тағала Құран Кәрімде білімнің артықшылығын бізге былай баяндайды: «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе? Шын мәнінде, тек ақыл иелері ғана ғибрат ала алады!» -  деген. (Зумар. 9.) Оған қоса Алла Тағала ілім берілген мүміндердін дәрежелерін басқалардан жоғары етеді. Ол турасында Аят каримада: «Алла Тағала сендерден иман келтіргендер мен ғылым берілгендердің дәрежесін жоғарылатады. Алла сендердің істегендеріңнен хабардар» - деген. (Мужәдәлә. 11.)    

Ардақты Пайғамбарымыздың мүбәрак хадистерінде де ілім жайында аз айтылмаған. Тіпті, Алла Елшісі (с.а.у) сахабаларына ілім алуды өзі бастап үйреткен. Тағы бір хадис шәрифте Алла елшісі (с.а.у): «Білімді талап ету әрбір мұсылманға парыз» -  деген.

   Шариғат ілімі адамды сауапты іс жасауға итермелейді, күнәдан алыстады. Осы арқылы қоғам түзеледі. Дінді меңгерген адам айналасындағыларға құрметпен қарап, олардың көңіліне қаяу түсірмеуге тырысады. Әрдайым жақсылық жасауға жақын тұрады. Шариғат білімі адамды өмір бойы мазалайтын маңызды сұрақтарға нақты жауап алуға мүмкіндік береді. Мысалы, бүгінде көп адам Алланың бар екенін және бір екенін білсе де, өмірдің мәні неде екенін, өзінің не үшін жаратылғанын, Құдайға деген құлшылықтың не үшін жасалынатынын біле бермейді. Ал, «Зәрият» сүресінің 56-аятында «Мен жындар мен адамзатты тек өзіме ғибадат жасау үшін жараттым» делінген. Яғни, шариғи білім сіздің өміріңіздің шамшырағы болмақ.

  Қазақ даласында да көптеген ғалымдар, данышпан тұлғалар  шыққан, сол Құран мен сүннеттен нәр алып шариғи тәлім-тәрбие алған тұлғалардың бірегейі Абай Құнанбаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ыбырай Алтынсарин аталарымыз. Ұлы  Абай: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім»-десе,  Шәкәрім Құдайбердіұлы  адам  өмірін  үш  кезеңге  бөліп,  оның  сол  Абай  меңзеген  ең  қуатты  жастық  шағын  ғылымға  арнауды  насихаттайды,  сол  тұстағы   албырт жігердің  бір  сағатын да  бос  өткізбеуге  шақырады. Ыбырай  Алтынсариннің   «Кел, балалар, оқылық!» деген өлеңі қазақ даласын, әрбір  қазақ  баласын білім алуға,  көкірегін оятып, ғылым-білімге үндеген еді. Осы өлең жолының басы «Бір Аллаға сыйынып» деп басталып, «Кел,балалар оқылық!» - деп жалғасын табуының өзі біздің ата – бабаларымыздың шариғат білімімен терең сусындағанының айқын көрінісі.

Қорыта келе, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні біз қазақ жастары өз асыл дінімізді үйренумен қатар, кез келген саланы оқып, еңбек етіп, еліміздің жарқын болашағы үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еңбекке сыбана кірісуіміз керек. Сонда ғана біз Алланың сүйген құлдарынан бола аламыз. Алла бізге пайдалы ілім, адал ризық, қабыл болатын амалдарды жасауымызды нәсіп еткей!

Ахат Қайыпбергенұлы,

Талас аудандық Қаратау «Қажы би»

орталық мешітінің ұстазы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: