Әрқайсымыз өз өмірімізде өте сенімді, әрі пайдасы мол, ізгі достарға мұқтажбыз. Кіммен сұхбаттассақ та, пікір алмассақ та олардың сөздерінен қорытынды шығарып, мағыналы жерлерін өмірімізді мазмұндап саралап жатамыз. Бірақ та өмірде сондай бір дос бар екен ол - кітап. Әмір Темірдің мынадай бір даналы сөзі бар: "Кітап-барлық жаратылыстың, ақыл-ойдың, данышпандылықтың негізі болып табылады. Өмір заңын үйрететін-тәрбиеші".
Қазіргі таңдағы ақпарат дәуірінің ілгерілеген кезеңінде кітап оқуға деген құлшыныстың бұрынғыға қарағанда едәуір азайып кеткені байқалады. Деген кейбір жастарымыздың кітапқа деген қызығушылығының зор екенінін де жасырмаймыз. Көшеде, транспорттарда қолдарына кітап ұстап отырған адамдарды көрген кезімізде қуанып қаламыз. Өйткені, егер жастарымыз қымбат уақыттарын болмашы нәрселермен (ұялы телефон, компютер, мән-мағынасыз фильмдер) өткізетін болса, онда олардың оқып-тоқығаны аз болады. Оның орнына кітап оқумен өткізгені абзал іс болып саналады. Кітап оқу арқылы оқыған білімің қаншама уақыттар, қаншама жылдар өтіп кетсе де ой-санаңда сақталып тұрады. Әрі халық даналығында:
"Жас кезде алған білім-тасқа ойылып жазылған нақышпен тең" деген сөз де бар.
Дінімізде әр адамның білімді болуына бағыттап, дұрыс жолға бастайды. Білім сөзі Құранда "ілім" деп көрсетіледі. Құран Кәрімнің 811 жерінде түрлі мағыналар арқылы "ілім" сөзі баяндалады. Мысалы, Мүжәдәлә сүресінің 11-ші аятында:
"Алла араларыңдағы иман келтіргендер мен ғылымда тереңдегендердің дәрежесін көтереді ", - деп баян етеді. Хадис шәріптерде де түрлі жамандықтардан қайтаруға қатысты ілім сөзі көп реттен келтірілген.
Әлішер Нәуәи: "Кітапты сыртына (мұқабасына) қарап алады, ішіне қарап баға беріледі", деген екен. Әрине, кітапқа ішіндегі мағынасына қарай өз бағасын береміз.
Даналарымыздың бірі: "Кітапты отқа жағып жіберу-күнә болып табылады. Алайда одан да үлкенірек бір күнә бар, ол - кітап оқымау", деген екен. Бұл жерде жеке көзқарасымызбен өзімізге баға беретін болсақ, дананың сөзінен үлкен мағыналы сөзді аңғаруымызға болады. Әрине, біреуді қинап, нұқып отырып кітап оқыта алмаспыз, бірақ та әр адамның кітап оқуға деген қызығушылығын арттырғанымыз абзал іс болып саналады.
Ежелден жұртымыз кітапты құрмет санаған. Ойшылдарымыз тіпті кітапты өзара бас қосып, бірігіп те оқыған. Мұның әсері кейінгі ұрпақтарға өз нәтижесін беріп те отырған.
Кейде кейбір адамдардың үйлеріне кіріп қалсаңыз, сөрелерде тізіліп тұрған неше түрлі кітаптарға көзіңіз түседі. Кітапқа деген қызығушылығың одан сайын үдете түсетіндей әсер қалдырады. Қандай керемет десеңізші!
Сізге айтар кеңесіміз, кітап арқылы өміріңіз тыныш өтеді, жақсы кітап сізге тура жол көрсетеді, кітапты көбірек оқи берген сайын адам білімі арта бастайды, бірақ кітап оқушы өзі оны көп байқамайды. Қысқасы, кітап оқушы көптеген әжір-сауаптарға ие болады.
Ғалымдарымыз бен зиялыларымыз болсын, мейлі, жазушылар мен ақындарымыз да болсын, барлығы да кітап оқу арқылы биік дәрежелерге жеткен. Кітап оқуды "уақыт өткізу" деп емес, "демалу, рахаттану" деп сезінген. Кітап оқу арқылы адамның мәдениеті, ой-санасы терең дами бастайды. Кітап - өмірдің қараңғы жолдарын өшіретін шырағы іспеттес. Кітап оқудың пайдасы мол, мейлі дүнияуи, мейлі діни кітап болсын, еш парқы жоқ. Қорыта айтатын болсақ, берекесі өте көп құндылық, әрі бақыт есіктерін ашушы кілт болып табылады. Жаратушымыз баршамызға пайдалы білім нәсіп етсін!
Джадраев Сұлтаншарип қажы
"Сұлтан" орталық мешітінің имамы
asyldin.kz