Сарысу ауданында құрбан айт мерекесі жоғары деңгейде аталып өтті. Шілденің 19-ы күні аудан орталығы Жаңатас қаласы мен ауылдарда барлық дайындықтар пысықталып, құрбан малдарын шалатын орындар белгіленді. 20 шілде күні сағат 7:00 ден бастап құрбандықтар шалына бастады. Ауданның бас имамы Жаңатас қаласында орналасқан мал сою алаңында болып батасын берді. Арнайы шақыртылған қасаптар құрбан малдарын сойып, бөлшектеп, оны ерікті жастар тізім бойынша мұқтаж кісілердің үйіне жеткізіп беріп отырды.
Осылайша үш күн бойы ниет еткен кісілер құрбандықтарын шалып, етін әлеуметтік жағдайы төмен кісілерге таратты. Аудан бойынша үш күнде 1 түйе, 18 сиыр, 397 қой, 3 ешкі құрбандыққа шалынып 1264 отбасыға таратылып берілді.
Осы күннің ерекше мереке екенін жастарға дәріптеу мақсатында Жаңатас қаласының ерікті жастарының қолдауымен 120 қорапша тәтті балаларға таратылды. Осындай ізгі амалдар арқылы өзіміздің төл мерекеміз тұрғындар арасында насихатталуда.
Сарысу аудандық мешітінің баспасөз қызметі